ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ «ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАЙЫҚ!» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ «ЖАҚСЫЛЫҚТА ЖАРЫСАЙЫҚ!» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
7 жыл бұрын 2731 muftyat.kz

Астана қаласындағы «Зекет» қорының өкілдігі мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздік күніне орай «Жақсылықта жарысайық!» атты қайырымдылық жобасын бастап отыр. Жоба аясында өнер және спорт саңлақтары, еліміздің қайраткерлері мен демеуші азаматтар «Зекет» қорының тізіміндегі мұқтаж жандардың жай-күйімен танысып, жан жылуымен бөліседі. Тұрмыстың ауыр тауқыметі тұралатқан мұқтаж кісілерге көмектерін көрсетіп, қайырымдылық шарасын өткізеді.

Аталмыш жобаны қуана қолдап, алғашқы болып көмек көрсетуге ұмтылған жомарт жүректі жандар 26-қараша күні бірінші рет бас қосты. Сауапты іске білек сыбана кіріскен Данияр Елеусінов, Қабылбек Әліпбайұлы, Қалқаман Сарин, Жандарбек Бұлғақов, Әділ Ахметов, Өркен Кенжебек, Батыржан Ибрагим, Ескендір Ибрагим сынды елімізге танымал жандар мен демеуші кәсіпкер азаматтар күн шығысымен Астана қаласындағы «Зекет» қорының ғимаратына жиналып, қайырымдылық шарасына құлшыныстарын байқатты. Қор жұмысымен танысып, аталмыш шараға орай жайылған ақ дастарханнан дәм татқан қонақтар көп кешіктірмей-ақ қайырымдылық шарасына кірісіп те кетті.

«Жақсылықта жарысайық» жобасы аясында бұл күні олар 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Мариям Тугулова, мүмкіндігі шектеулі ұлына қарап отырған Қуаныш Оспанов пен церебральды сал ауруына шалдыққан екі баланың анасы Жұпар Сапаровалардың отбасына арнайы ат басын тіреп, көмектерін көрсетті.

Атап айтқанда, «Зекет» қоры тарапынан  тәттілер мен жеміс-жидектерер, балаларға қыстық киімдер, тұрмыстық техникалар тарту етілді. «Бал Текстиль» компаниясы екі отбасыға жоғары сапалы жібек кілем табыстаса, Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Жұпар анамыздың бір айлық пәтерақысын төлеп берді. Мұқтаж жандар бұл бастамаға ерекше әсерленіп, көздеріне жас алып, ыстық ықыластарын білдіріп жатты.+

Шара соңында қатысушыларға қор директоры Әнуарбек Болатұлы алғысын жеткізіп, естелік сыйлықтар табыстады.

0 пікір
Мұрағат