Көп қаражат неге «көлеңкеде» жатыр?
Көп қаражат неге «көлеңкеде» жатыр?
7 жыл бұрын 2999 7kun.kz Аян ҚАЛМҰРАТ

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдеуінше, біздің экономиканың 27 пайызын көлеңкелі экономика құрайды. Кейбір сарапшылар “бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жетуі мүмкін” дейді. Экономистердің пайымдауынша, көп көлемдегі қаражаттың көлеңкеде қалып қоюына елдегі салық саясаты мен мемлекеттің экономикаға араласуы себеп болып отыр.

Кәсіподақтар конфедерациясының кеңесі  әлем экономикасындағы көлеңкеде жатқан қаражаттың  үлесі 1960-жылдары әлемдік экономиканың 5,6 пайызын құраса, бүгінде 33 пайыздан – 39 трлн доллардан асып кеткенін айтады. Жалпы алғанда, 45 жылда көлеңкелі экономиканың үлесі Швецияда 11 есе, Германияда 8 есе  өскен. Экономистер “ешкім есеп бермейтін, мемлекет қазынасына ешқандай пайда да әкелмейтін қаражаттың үлесі Қазақстанда да аз емес” дейді.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың мәлімдеуінше, біздің экономиканың 27 пайызын көлеңкелі экономика құрайды.  Кәсіподақтар конфедерациясының кеңесі жүргізген зерттеу 30,6 пайыз ақшасы көлеңкеде жатқан Болгарияны «айналымдағы заңсыз ақшаның үлесі ең басым ел» деп танығандықтан, сарапшылар біздің 27 пайыздық көрсеткішіміз де жоғары боп саналатынын айтады.

Қаржы министрлігінің тәуекелдерді басқару, талдау және статистика басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сағынаев осы жылдың қыркүйегінде қазақстандықтардың шетелде жатқан капиталы мен көлеңкелі экономиканың үлесі жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын құрайтынын айтқан. Ал мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Тілеу Жанғарашевтың тұжыруынша, жалған кәсіпорын ашу – салықтан жалтарып, капитал мен оны заңдастырудан қашудың амалы болып отыр әрі бұл көлеңкелі экономикадағы қаржының біраз бөлігін қамтиды. Ресми деректерге сәйкес, 2015 жылы осындай қаржылық қылмыстардан мемлекет қазынасына 92 млрд теңге түспей қалса, 2016 жылдың 9 айының өзінде 94 млрд теңге көлеміндегі кіріс қайтпаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тергеу департаментінің басшысы Сергей Перов елден әкеткен заңсыз ақшаны елге инвестиция ретінде кіргізетін экономикалық қылмыскерлердің саны артып келетінін айтады. Ресми деректер бойынша, 2016 жылдың 9 айында экономикалық қылмыстарға байланысты 264 іс қаралған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7,2 пайызға көп. Соның нәтижесінде 285 адам сотталып, оның ішінде 197 адам баламалы жазаға тартылған.

Сарапшылар Қазақтандағы заңдастырылмаған қаражаттың пайда болуына қатысты әр түрлі пікір айтады. Экономист Мақсат Халық “көлеңкелі экономикадағы қаржының негізгі көзі – жемқорлық“, – дейді. “Бармақ басты, көз қысты әрекеттер мемлекеттік барлық саласында бар, тіпті ол адамдардың санасында қалыптасып қалған. Ал бұл – заңдастырылмаған қаражаттың, яғни көлеңкелі экономиканың негізгі көзі. Қарапайым түрде алсақ, институтционалды деңгейде тойдың өзінде тіркелмеген кәсіпкерлер, сатушылар жүреді, олар табысынан салық төлемейді, яғни мемлекетке пайда әкелмейді. Ал сол тойдан түскен табыстың өзі де көлеңкелі экономикаға жатады”, – дейді сарапшы.

Ал экономист Жарас Ахметовтің айтуынша, жалған кәсіпкерлік пен салықтан қашуға, көлеңкелі экономиканың өршуіне елдегі салық саясатының қатаңдығы мен мемлекеттің экономикаға тым жиі араласуы себеп болып отыр. «Соңғы жылдары салықтан түсетін пайда көбейіп келеді. Бұл салық саясатының кәсіпкерлер қалтасына түсіріп отырған ауырлығын айқындайды, яғни, кәсіпкерлер көбірек пайда табу үшін кірісін жасыруға мәжбүр», – дейді сарапшы.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы қамқоршылар кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаев экономистің пікірімен келісетінін айтады. Сарапшының пікірінше, басқа елдер экономика дағдарысқа кіріп, кіріс көзі қажет болғанда тығырықтан шығу үшін кәсіпкерлерді қолдауға тырысады, ал «біздегі билік керісінше олардың жұмысына кедергі жасап жатыр» деп тұжырады.  «2016 жылдың соңғы тоғыз айында бюджетке түскен салық көлемі 34 пайызға артып, 1 трлн 85 млрд теңге артық жиналған. Қазіргі салық жүйесі кәсіпкерлерге кері әсер етіп, іскерлік белсенділікті азайтып жатыр. Осы жылы шағын және орта кәсіп субъектісі 92 мыңға азайыпөндіріс көлемі 4-2 пайызға кеміді. Экономикалық өсім болу үшін кәсіпкерлерге еркіндік беру қажет, бізде керісінше – салық саясаты жыл сайын қатаңданып жатыр”, – дейді Рақым Ошақбаев.

Айта кетейік, 2005-2012 жылдары елдегі көлеңкелі экономика үлесі 19 пайызды құраған. Кейіннен 2012 жылы Халықаралық валюта қоры бұл көрсеткіштің 30 пайызға көтеріліп кеткенін айтқан еді. Көлеңкелі экономикадағы қаражатты “жарыққа шығару” – 2016-2020 жылдарға дейінгі бюджет жоспарының негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген.

0 пікір
Мұрағат