Саудия азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Африка елдеріне бәс тігіп отыр
Саудия азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Африка елдеріне бәс тігіп отыр
4 жыл бұрын 1727 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Саудия, байқасаңыздар, соңғы жылдары экономикасын мұнай шикізатына тәуелділіктен құтқару үшін тек экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформамен шектеліп қалмай, түрлі жобаларды (инфрақұрылымдық, әлеуметтік, энергетикалық, туризм, т.б.) қолға алып жатыр әрі экономикасына қозғау салатын елдермен қарым-қатынасын жолға қойып жатыр. Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның пәрменімен қабылданған Vision 2030 жобасы аясында түрлі бастамалар көтеріліп, бұрынғыдай бірыңғай батыс елдерімен мәмілелер жасасып қоймай, Қытай, Оңтүстік Корея компанияларымен де әрептестік орнатуға күш салып жатыр. Ең бастысы, аймақтағы елдермен, дәлірегі, Африкадағы елдерге назар аударуда. Бұрындары Африка елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынасын жандандыруға күш салып жатыр. Олай болатын да жөні бар: Құм басқан, шөлді Саудия аумағының тек 2 пайызы ғана ауыл шаруашылығына жарамды. Азық-түлікті сырттан алдыратын ел. Яғни, азық-түлік импортына тәуелді. Бүгінгі таңда халқының саны 32 млн адамды құрайтын Саудия тұрғындарының қарасы 2050 жылы демографтардың болжамы бойынша 45 млн адамға етеді. Мұнша адамға азық тауып беру керек. Осы мақсатта осы жылдың бас кезінде Саудия астанасында шығыс африкалық (Судан, Жибути, Сомали, Эритрея, Мысыр) елдердің және Таяу Шығыс елдерінен Саудия, Йемен, Иордания басшылары арнайы бас қосып, Қызыл теңіз және Аден шығанағы елдерінің кеңесін құру жөніндегі келісімге қолдарын қойды. Аймақтағы сауда-экономикалық және дипломатияық қатынасты кеңейту мақсатында. Аталмыш кеңесті құруға аталған елдермен ынтымақтастық орнатуға мүдделі Саудия тарапы бастамашыл болғанын айта кету керек. Қызыл теңіз бен Аден шығанағы дәлізі арқылы әлемдік сауда-саттықтың 13%-ы жүзеге асырылады. Саудия билігі көрші жатқан африкалық елдермен арадағы ынтымақтастықты өзінің экономикалық өркендеуіне түрткі болады деп есептейді. Саудия аталған елдермен тек сауда-саттық орнатып қоймай, сонымен қатар, Африка құрлығына инвестиция құйып отыр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша оңтүстік африканың энергетикалық секторынан қорғаныс саласына дейінгі негізгі жобаларына 4 млрд доллар шамасында инвестиция құйған. Осылайша Саудия Африкадаға инвестиция құю бойынша алдыңғы бестік құрамынан көрінді. 

0 пікір
Мұрағат