Нидерланды студенті теңізді тазарту жобасын ойлап тапты
Нидерланды студенті теңізді тазарту жобасын ойлап тапты
2 жыл бұрын 789

Боян Слат есімді жиырма жастағы нидерландылық студент мұхиттар мен теңіздерде пластикалық қоқыстардан тазартуға мүмкіндік беретін жоба ұсынды. Бұл жайында Welt газеті хабар таратты.

Аталмыш басылымның хабарына қарағанда, "The Ocean Cleanup" деп аталатын жобаға 100-ден аса ғалым тартылған. Тынық мұхитының солтүстігінде тау-төбе болып жиналып қалған қоқысты жоюға арналған бұл жобаға екі млн еуро қаражат жұмсалмақшы. Биіктен қарағанда тазарту құрылғысы V латын қарпін еске түсіреді. Әр 50 шақырым сайын теңізде тіршілік ететін балықтар мен өзге де жануарларға зияны жоқ қоқысты ұстап қалатын сүзгісі бар, күн батареясымен жұмыс істейтін шұңғыма бекітілген. Осы шұңғыманың көмегімен қоқыс арнайы контейнерге жиналады. Әр 45 күн сайын контейнерге жиналған қоқыс кемеге тиеліп, өңдеу зауыттарына жіберіледі. Мамандардың есептеуінше, өңделген қоқыстан түсетін пайда мөлшері шамамен 56,8 млрд еуро болмақшы. Бұл жобаға қажетті қаржы ғаламтор арқылы халықтан жиналады. Қазіргі уақытта Боян Слат осы мақсатта 800 мыңнан аса доллар қаражат жинап алды. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда әлем мұхиттарында 100-ден 142 млн тоннаға дейін палстикалық қоқыс жиналған. Оның 6,4 млн тоннасы су бетінде қалқып жүр. Ең қауіптісі, пластикалық қоқыс шірімейді, яғни, өздігінен жойылмайды. Басылымда жазылғандай, жыл сайын әлемде шамамен 225 млн тонна пластикалық қоқыс тасталады екен. Ультракүлгін сәулеленудің, кермек судың және механикалық әсердің ықпалымен әлем мұхиттарында аса қатерлі химикаттар түзіледі. Мұндай теңізден ауланған балықтар мен өзге теңіз жануарларын жеген адамның да денсаулығында кінәрат пайда болады. Бұған қоса, пластикалық қоқыстан теңізден қорегін айыратын құстар мен өзге сүтқоректілер жаппай қырылып жатыр.

0 пікір
Мұрағат