Жыл сайын әлемде қанша адам темекі салдарынан көз жұмады
Жыл сайын әлемде қанша адам темекі салдарынан көз жұмады
5 жыл бұрын 4565

Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Бұл туралы bag.kz ақпарат көзі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады. 

ДДСҰ мен көптеген ел оған күреске барынша күшін салып келеді. Өкінішке орай, темекі мен сигара бағасын көтеру, темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салу, тіпті, қоғамдық орындарда шылым шегуді шектеу де әзірге оңды нәтиже бермей тұр.

"ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 млн адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Олардың арасында темекі өсіретін елдерде тұратын балалар да бар. Яғни, пассивті шылымқорлық та біз ойлағандай қауіпсіз емес. Ол жүрек-қан тамыры, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе, өңеш, асқазан обыры сынды т.б. аурулардың бірден-бір себепкері", - делінген  хабарламада.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын ауруханаға жататын тұрғындардың 68%-ы немесе 2 млн-ға жуық адам – шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Былайша айтқанда, әрбір оныншы адам өміріне қауіп төнбейінше емдеу мекемелерінің табалдырығынан аттамайды деген сөз. Ал, өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да шылымқорлық салдарынан болатын дерттер.

Мамандардың сөзінше, шын мәнінде, егер ішкі органдарды жыл сайын тексеріп отыратын болса, мұның алдын алуға болар еді. Темекі шегетіндер үшін жүрек пен өкпені тұрақты бақылауда ұстаудың маңызы зор. Оның үстіне, мемлекет халыққа жәрдем ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін ұсынады. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен консультациясы, көздің көру қабілеті мен көз қысымын тексеру, қандағы холестерин, глюкоза деңгейін тексеру үшін қан тапсыру, электрокардиограмма, флюорография, спирография сынды қызметтер кіреді. Организмде шылымның салдарынан болып жатқан өзгерістер мен ауытқуларды осы процедуралар арқылы ертерек анықтауға болады.

"Мемлекеттік тапсырыс аясында көрсетілетін кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстанда тұратын әр азамат пайдалана алады. Бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін көмек профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтерден тұрады", - деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.

2019 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға қазынадан 972,7 млрд теңге бөлінді. Оның 395,4 млрд теңгесі емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталады, негізінен профилактикалық шараларға ден қойылмақ.

Оған қоса, тегін медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникалар да көрсетеді. Биыл мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан 1403 медицина ұйымының 701-і – жекеменшік. 2018 жылмен салыстырғанда олардың саны 57-ге көбейген. Ал, мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке субъектілердің саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда, Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

0 пікір
Мұрағат