Германия ислам еліне айнала ма
Германия ислам еліне айнала ма
6 жыл бұрын 5666 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Немістердің Die Welt басылымында мазмұны бөлек мақала жарық көрді. Онда аталған елдің көрнекті саясаткерлері экономикадағы жетістіктерді сөз еткен әрі Германияның орта және ұзақ мерзімді перспективасы талданған баяндама жарияланған. Нәтижесінде Германия федеративтік республикасының экономикасы қазірдің өзінде стагнация (бір орнынан жылжымай тұрып қалу) кезеңінде тұрғаны белгілі болды. Бұған геосаяси себептерден бөлек кері кетіп бара жатқан демографиялық ахуалдың да өз әсерін тигізгені анықталды. Тарқатып айтқанда, бүгінгі таңда аталған ел аумағында 20,6 млн-ға тарта зейнеткер өмір сүріп жатыр. Ер адамдардың орташа зейнетақы мөлшері 1013 еуроны құрайды, ал әйелдердікі - 762 еуро. 2016 жылдың шілде айының 1-нен бастап ел билігі зейнетақыны соңғы 23 жыл ішінде бірінші рет 5 пайызға көтерген. Әлемдік экономикадағы дағдарыстан, инфляциядан, тауарлар мен көрсетілетін қызмет бағаларының жоғары болуынан, тағы басқа факторлардан 2030 жылға қарай Германиядағы орташа зейнетақы мөлшері күнкөрістің ең төменгі деңгейіне дейін құлдырайды. Қысқа қайырғанда, қазірдің өзінде бұл елдегі зейнеткерлердің 3,4%-ы ең минималды зейнетақы алады екен. Олардың қарасы соңғы он жыл ішінде бір жарым есе өскенін ескерсек, аталған ел экономикасының әлсіз қуатымен байланысты бұл әлеуметтік жағымсыз үрдіс қарқын ала бермек. Кәрі құрлықтың қақ төріне жайғасқан неміс халқы әлемдегі жылдам қартайып бара жатқан халықтардың санатынан. Осыған байланысты алдағы уақытта бұл елде зейнеткерлердің қарасы көбейіп, мемлекет қазынасына бұдан да ауыр салмақ салатын болады. Бұған қоса, аталған елдің экономикалық шарықтау шегі өтіп кеткен: барлық нарық игерілген. Қазіргі зейнетақы мөлшерін сақтап қалу үшін ел билігінің зейнетке шығу жасын ұзартудан басқа амалы жоқ. Кем дегенде 70 жасқа ұзарта алса, соның өзі жетістік болып саналар еді. Сарапшылар бұл тығырықтан шығар басқа жолды да нұсқап отыр: ел билігі бәрін қазіргі қалпында қалдырғысы келсе, онда мигранттар есебінен тапшы жұмысшы күшінің орнын толтыруы тиіс. Ол үшін Германия жылына кем дегенде 500 мың мигрант қабылдап отыруы тиіс. Бұрынғы, бір-екі ұрпақ ауысатындай уақытта осы елге орныққан мигранттар қарасының өзі әжептәуір болып қалған – 80 млн-ға тарта тұрғыны бар Германия халқының санына шаққанда 21,1% немесе 16,88 млн. Бұл мигранттардың төрттен бірін түріктер құрайды. Тағы 12%-ы мұсылман елінен келгендер. Тек соңғы үш жыл ішінде аталған елге шамамен 1,4 млн араб және африкалық мигранттар келген. Егер бұлай жалғаса беретін болса, енді бір он-он бес жылдан соң Германия аумағындағы байырғы тұрғындар – 36 млн неміске 22-23 млн мигранттан келеді екен. Олардың 15 млн-ы түріктер мен арабтар екенін ескерсек, бұл елдің мұсылман еліне айналу ықтималдылығы артады. Десе де бұл Германияның ішкі ісі – қалай шешеді, оны өздері біледі. Бұған қоса, әр жүз мигранттың тек төртеуі ғана жұмысқа орналаса алады екен. Осылайша, неміс бюджетіне салық төлеп, толыққанды қоғам мүшесіне айнала алады екен. Қалғаны мемлекетке алақан жайып отыр. Сонымен қатар, мына факторды да қаперге алмаса болмайды: алдағы 5-7 жыл ішінде мигранттар қарасының көбеюіне байланысты этно-мәдени деңгейде қақтығыс орын алуы мүмкін. Германиядағы неміс еместер арасында туу көрсеткіші тым жоғары болып отыр: бүгіннің өзінде 5 жасқа дейінгі балалардың 47%-ы мигранттардың отбасында өсіп келеді. 2025 жылы олардың қарасы 52,25 пайызға артады. Германия тағдырын солар шешуі мүмкін.

0 пікір
Мұрағат