Тәжік экономикасының ерекшелігі неде?
Тәжік экономикасының ерекшелігі неде?
6 жыл бұрын 4734 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Оқырман дамыған елдің емес, ер-азаматтары өзге елден нәпақа іздеп жүрген тәжіктердің экономикасы туралы неге айтып отыр деп нәумез күй кешуі мүмкін. Біз бұл арада аталған елдің әлі күнге экономикасын алға сүйрей алмай келе жатқанының астарына үңілгенді жөн көрдік. Бірден айтарымыз, тәжіктердің экономикасы отбасы құндылықтарына негізделген. Сол себепті, бұл елдің ер-азаматтары отбасын асырау үшін сыртта жүр. Мәселен, Ресейде, Қазақстанда, т.б. Мынадай сауал қойып көріңізші: егер өзге елде сұлтан болып шалқып жүрсе бір сәрі, ұлтанның күйін кешіп жүрген тәжік еңбек мигранттары отбасы құндылықтарынан бас тартса, өзі ілдебайлап әрең тұрған тәжік экономикасы мүлдем күйремей ме? Осы заманғы отбасы институтының маңызы күллі әлемде төмендеп келеді. Батыстық өмір сүру салты өз дегенін жүргізіп, бір шыбықпен өргізіп-жусатып отыр. Бұл жағымсыз процестен аграрлық тәжік қоғамы да сырт қала алмайды. Әзірге бұл елде отбасы құндылығы қоғам мен экономиканың катализаторы ретінде алға шығып отыр. Бүкіл әлемде өзі үшін өмір сүретін жалғызбасты адамдар қарасы артып келеді. Жылдан жылға. Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 40-60% төңірегінде. Енді бір елу жылдан кейін бұл қалыпты жағдайға айналып, отбасы институтының маңызы мүлдем кемуі мүмкін. Отбасы ары кеткенде бірігіп тіршілік ету ортасына айналуы да ғажап емес. Онда отбасына мүше еңбеке жарамды әр тұлға жер телімі, сауын сиыр секілді ресурсқа айналып, балалар ерте бастан еңбекке араласуы да мүмкін. Отбасын асырау үшін сыртта жүрген тәжік ер-азаматтары да отбасы құндылықтарынан бас тартуы мүмкін бе? Әлбетте, мүмкін. Олай дейтініміз, олар туған елінен жырақта, басқа мәдениет, басқа таным үстемдік еткен әлеуметтік ортада, әсіресе, батыстық өмір сүру салты дендеп енген елдерде жүр. Сөзсіз уақытша болса да өмір сүріп жүрген ортасы оларға өз әсерін тигізбей қоймайды. Қауіп қайдан дерің бар ма? Бір ғана Ресей Федерациясы аумағында бір миллионға тарта тәжік еңбек мигарнттары жұмыс істеп жүр. Бұған қоса, бұрын отбасы бар ер-азаматтар ғана тәуекел етіп, сырттан нәпақа іздесе, қазіргі уақытта отбасын құрып үлгермеген, сол себепті, оның не екенін жете ұғынбаған жастардың қарасы артып келеді. Бұл да келешекте тәжік қоғамын өзгеріске ұшырататын факторлардың бірі болмақ. Еңбек мигранттарының ақша аударуы - тәжік экономикасының маңызды тармақтарының біріне айналған. Мәселен, -ткен жылдың өзінде, яғни, 2017 жылы аталған ел бюджетіне 2,5 млрд доллар шамасында қаржы түскен. Бұл қаражаттың бәрі сыртта жүрген тәжік еңбек мигранттарының табанақы, маңдай терімен келген. Яғни, бұл көрсеткіш республиканың жалпы ішкі өнімінің шамамен 30%-ын құрайды. "Отандастарымыздың шетелде жұмыс істеуінің арқасында 1999-2017 жылдар аралығында Тәжікстандағы кедейлік көрсеткіші екі есеге төмендеді: 80 пайыздан 30%-ға дейін. Әрбірден соң бұл кедейлікті төмендетуге әлем бойынша ең шапшаң қарқын",- деп мойындады "Шарк" ғылыми-зерттеу орталығының директор Мұзафар Олимов. Егер тәжік ер-азаматтары отбасы құндылықтарын бойына сіңіріп өсірмегенде республика бюджетіне мұншалықты қыруар қаржы түспес еді. Десе де, сыртағы тәжік еңбек мигранттарының ел аударға ақшасы өнеркәсіпті дамытуға емес, өкінішке қарай, күнкөріске, соның ішінде, ең басты қажеттіліктерге, атап айтқанда, азық-түлікке, киім-кешекке, т.б. тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалып кетуде. 

 

0 пікір
Мұрағат