Енді бір бес жылдан соң дамыған елдер атом энергетикасының 25%-нан бас тартады
Енді бір бес жылдан соң дамыған елдер атом энергетикасының 25%-нан бас тартады
5 жыл бұрын 2692 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері атом энергетикасынан кезең-кезеңімен бас тартып жатыр. 2025 жылға дейін атом әлеуетін пайдалануды төрттен бірге кемітетін болады. Ал 2040 жылға дейін үштен екі бөлігін қысқартады. Осылайша қауіпті энергия көзінен біртіндеп бас тартпақ. Десе де атом электр стансаларының қуатын азайту өз кезегінде дамыған елдердің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндірмек. Бұған қоса, Париж келісіміндегі міндеттер мен талаптардың үддесінен шығу қиындай түспек. Бұл жайында Халықаралық энергетика агенттігінің "Таза энергия жүйесіндегі ядролық энергетика" деп аталатын есебінде айтылған. "Ядролық энергетиканың болашағы бұлыңғыр. Өйткені, экономикасы дамыған мемлекеттерде атом стансаларының тозуы себепті әрі ядролық энергетикадан кезең-кезеңімен бас тарту саясатына байланысты, сондай-ақ, экономикалық әрі реттеуші факторлар нәтижесінде жабылып жатыр",- деп айтылған аталмыш ұйымның баяндамасында. Халықаралық энергетика агенттігінің сарапшылары келтірген дерекке қарағанда, қоршаған ортаға залалы аз АЭС өндіретін энергия мөлшері әлемдік электр энергиясының мөлшеріне шаққанда  10%-ды құрайды. Ал гидро электр стансаларының әлемдік электр энергиясын өндірудегі үлесі - 16%. АҚШ, Жапония, Канада, ЕО елдеріндегі атом энергетикасы, міне, 30 жылдан асты, электр энергиясының аса ірі қайнар көзі болып келеді. Дамыған елдердегі энергия балансының 18%-ы атом электр стансаларының еншісінде. Дамыған елдердің АЭС әлеуетін пайдаланудан бас тартуы жылына тағы қосымша 4 млрд тонна көмірқышқыл газын атмосфераға бөлінуіне алып келмек. Атом энергетикасын "жасыл" энергия көздеріне алмастыру, яғни, күн мен жел электр стансаларына айырбастау өз кезегінде алдағы 20 жыл ішінде 1,6 трлн доллар қосымша инвестицияны қажет етеді.

0 пікір
Мұрағат