Босқындардан теріс айналған елдерге айыппұл салынады
Босқындардан теріс айналған елдерге айыппұл салынады
8 жыл бұрын 2248

Босқындарды қабылдаудан бас тартқан Еуродақ елдеріне айыппұл салынатын болады. Әр босқын үшін 250 000 еуродан. Бұл жайында «BBC News» ақпарат көзі хабар таратты. Аталған британдық ақпарат көзінің мәліметіне қарағанда, Еурокомиссия жетекшісі Жан-Клод Юнкер квотамен келетін босқындардан теріс айналған елдерге осындай қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Еурокомиссияның ұсынысы бойынша босқындар ЕО-ға мүше елдердің әл-ауқаты мен экономикалық-әлеуметтік жағдайына және халық санына қарай әділ бөлінген. Өткен жылғы кестеге сәйкес, мәселен, Полша өзіне квота бойынша бөлінген 9287 босқынды қабылдамаса, онда аталған ел ЕО қазынасына 2,3 млрд-тан аса евро төлеуге міндетті. Ал аталмыш одақ құрамындағы ең кедей мемлекет саналатын Румынияға босқындардан теріс айналған жағдайда 1,2 млрд евро айыппұл салынады. Айта кетейік, ЕО құрамындағы Чехия, Венгрия, Польша, Румыния және Словакия міндетті квотаға қарсы екендерін білдірген болатын. Венгрия мен Словакия, тіпті, осы мәселе бойынша Еуропа сотына шағымданған да болатын. Еурокомиссияның бұл ұсынысы жүзеге асуы үшін алдымен Еуропалық кеңес пен Еуропарламент мақұлдауы тиіс.

0 пікір
Мұрағат