АҚШ-Ауғанстан-Сирия тізбегі
АҚШ-Ауғанстан-Сирия тізбегі
7 жыл бұрын 4948 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

АҚШ Ауғанстандағы әскери контингентін арттырады, дәлірегі, АҚШ-тың қорғаныс министрлігі Ауғанстанға тағы төрт мың әскериді аттандыратын болды. Бұл жайында Associated Press ақпарат көзі хабар таратты. Аталған ақпарат көзінің бұл хабары ресми түрде келесі аптада жарияланатынын жазыпты. Десе де АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Кристофер Шервуд мәлімдегендей, Пентагон Ауғанстандағы америкалық сарбаздардың санын өзгерту турасында өз шешімін өзгертпеген. Маусым айының 15-і күні Ақ үй қожайыны Дональд Трамп Пентагонга аталған мұсылман еліне қанша әскер аттандыру туралы шешімді өз бетінше қабылдауына рұқсат беріп отыр. Бұл дегеніміз, Ауғанстанға аттандырылатын әскердің санына шектеу қойылмайтынын білдіреді. Қорғаныс министрі Джеймс Мэттистің тәліптермен күресте кейінгі кезде ұдайы жеңіліс табатынын жария еткеннен кейін АҚШ президенті Пентагонның құзыретін кеңейтуді жөн көрген. Қазіргі уақытта ауған жерінде 8,5 мың америкалық сарбаз бен НАТО-ның 4,5 мың жауынгері бар. Айта кететіні, Ауғанстандағы АҚШ әскери контингентінің қолбасшысы генерал Джон Николсон тәліптерді ықпалын күшейтпеу үшін тағы бірнеше мың әскер сұраған болатын. Кезінде Барак Обама билік құрған тұста Ауғанстандағы америкалық сарбаздардың санын азайтуға күш салғанын білетін боларсыздар. Десе де Барак Обаманың бұл саясаты өз жемісін де берген еді. Десе де Дональд Трамп өзінің алдындағы әріптесінің бұл саясатын құптамайтынын, керісінше, бір тұмсық тыққан жерден өлсе де айырылмауға бекінгенін байқауға болады. Тарқатып айтсақ, әлемде қару, есірткі және адам саудасы негізгі кіріс болып отырған бүгінгі таңда есірткінің үштен бірі өндірілетін Ауғанстаннан АҚШ билігі бас тартпайды. Аймақтағы ықпалы үшін Кеңес Одағымен текетірескен АҚШ коммунистік жүйенің ықпалын арттырмауды көз қылып мақсат еткенімен,  әу баста ауған жеріне осындай пиғылмен келген еді. Кеңес одағы күйрегенімен тәліптерді сылтауратып отырғанын кім білмейді дейсіз, әскери авиациясымен бір гүрілдеп ұшып өтсе, тып-типыл ететін америкалықтар үшін тәліптер сөз болып па. Алайда, АҚШ-қа тәліптердің біржола жеңілгені керек емес еді... Мұсылмандарды террористер деп бұқаралық ақпарат құралдарында қаралап, әлемге жар салып, тек идеологиялық майдан ашқан АҚШ қарудың күшімен ғана түпкі мақсатына жете алатынын тағы бір мәрте ұқтырып өтті. 

 
АҚШ Сирия аумағында да өзінің әскерилерінің санын арттыруды көздеп отыр.  Ол ол ма, Сириядағы Эт-Танф базасына Иордания аумағынан үлкен қашықтықтағы зымыранын тасымақ. Осылайша, АҚШ Сириядағы өзінің әскери базасын жасақтауға мықтап кірісіп отыр. "Қазіргі уақытта АҚШ-тың арнайы жасағы Эт-Танфадан 100 шақырымға дейінгі аумақты бақылауда ұстайды, өйткені, аталған базада америкалық әскери контингент айтарлықтай артқан. Десе де америкалықтардың өздері Сирия аумағында әскери база құрғанын мойындамай, жасырып жауып отыр. Терроризмге қарсы операция штабының ресми өкілі Райан Диллон мәлімдегендей, Эт-Танфада тек әскери гарнизон ғана бар. Оның айтуынша, бұл гарнизонның мақсаты лаңкестермен күресетін одақ күштерін дайындауға саяды. "Бұл біздің Сирия оңтсүтігіндегі немесе біздің коалициялық күштер шоғырланған жалғыз база",- деп мәлімдеді Райан Диллон. Ал Reuters ақпарат ресурсының анонимді сілтемеге жасаған хабарында Эт-Танфа базасына Иорданиядағы базадан үлкен қашықтыққа ұшатын HIMARS зымыраны жеткізілген. Бұл зымыран жоғары мобильді дүркіндетіп ататын реактивті жүйеге жатады. 
0 пікір
Мұрағат