Әлем экономикасының қарқынды өсуіне енді мүмкіндік жоқ
Әлем экономикасының қарқынды өсуіне енді мүмкіндік жоқ
8 жыл бұрын 2974 7kun.kz Аян ҚАЛМҰРАТ

Дамушы елдердің 2000-жылдары жылдам өсуі тосын жағдай болды және бұдан былай ол қайталанбайды. Ал олардың даму жылдамдығының бәсеңдеуі әлемдік экономиканың өсуіне кедергі келтіреді. Capital Economics тобы жүргізген зерттеуде экономистер осындай пікір айтады.

Өткен онжылдықта елдердің қарыштай дамуына 90-жылдары көп мемлекеттің нарықтық экономикаға көшуі, xалықаралық сауданың бұрын болмаған көрсеткіштерге жетуі тікелей әсер еткен еді. Одан бөлек, кредиттің көптеген елде үлкен сұранысқа ие болып, әлемге есігі ашылған дамушы елдерде өндіріс құнының төмен болуы xалықаралық нарықта барлығына тиімді жағдай қалыптастырған.

Capital Economics-тің айтуынша, енді дамушы елдердің экономикалық өсімі қайтадан ұзақмерзімді көрсеткіштерге тәуелді болып, жылына 3,5-4 пайызға жетті. Салыстыру үшін айтайық, 2007 жылы елдердің дамуы жылына 8,6 пайызға тең еді. Дамушы елдердің өз ішінде жасаған болжамы «2020 жылға қарай жылдық өсім 5 пайыз болады» деген Халықаралық валюта қорының тұжырымынан да төмен. 2000-жылдан бастап дамушы елдердің әлемдік экономика өсіміне қосатын үлесі 1950-1999 жылдары дамыған елдердің өсуге қосатын үлесінен де көп болатын.

Оның бірнеше себебі бар: біріншісі — 2001 жылы Қытайдың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі, екіншісі — Латын Америкасы мен посткеңестік елдердің экономикасы формасын өзгертіп, ашыла түсуі.  Capital Economics зерттеуінде Азия аумағын сараптаған Марк Уильямстың айтуынша, даму үшін берілген мұндай мүмкіндік екінші рет қайта келмейді. Сарапшы тұрақты түрде дамып отырған, бірақ әлеммен әлі де араласа қоймаған елдер жоқ екенін айтады.

Capital Economics дамушы елдердің әлеуеті баяулап қалуы ірі елдердегі кредиттеудің азаюынан; дамушы елдерде жалпы сұраныстың төмендеуінен және шикізат бағасының арзандап кетуінен деп түсіндіреді. Бірақ сарапшылар бәрінен бұрын халықтың тез қартаюы мен дамушы елдердегі еңбек өнімділігінің төмендеуіне алаңдайды. «Саясаттың дұрыс жүргізілмеуінен де болуы мүмкін, бірақ еңбек өнімділігінің азаюы бәрібір мүмкін еді, себебі 2000-жылдары болған жылдам өсу екінші рет қайталанбайтыны белгілі», — дейді Capital Economics-тің дамушы елдер бойынша бас экономисі Нил Ширинг.

Дамудың баяулап кетуіне әсер еткен тағы бір жағдай — дамушы әрі ірі экономикаға ие Қытаймен сауданың бәсеңдеп кетуі. Экономикалық модельдердің өзгеруі, түрлі жағдайларға байланысты тұрақсыз болып жатқан сұраныс қытай экспортының көрсеткішін осымен 6-рет түсуіне, яғни 10 пайыз азаюына әсер етіп отыр. Бұл The Wall Street Journal мен Bloomberg-те болжам жасаған экономистердің айтқан мөлшерінен 3 есе көп. Импорт та күткен шамадан әлдеқайда азайып, 1,9 пайызға кеміді. Nordea Bank сарапшысы Эми Юань Чжуан мұның себебі сұраныстың азаюынан деп түсіндіреді. ДСҰ-ның айтуынша, әлемдік сауда бұл жылы 1,7 пайызға өседі. Бұл — осыны қосқанда 3 пайыздан төмен өсім көрсеткен үшінші жыл.

0 пікір
Мұрағат