«Шугаринг» адал кәсіп пе?
«Шугаринг» адал кәсіп пе?
8 жыл бұрын 18902

Әссәләмуғалейкум! Сұрайын дегенім, Исламның "шугаринге" көзқарасы қалай? Мен мысалы, әйел адамдарға "шугаринг" жасасам, ол кезде әйел адамның ұятты жеріне қарауым керек болады. Осыны кәсіп етсем бола ма? Ол көзге зиян ба? Тіке әрі ашығын айтасыз ба? Анон. 

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шугаринг – қант пастасы арқылы денедегі түктерді жою әдісі (Шугаринг - ағыл. sugar / қант). Аталмыш тәсіл дененің әртүрлі аймағына жасалады. Өзіңіз айтпақшы, әурет жерге де жасайды.

Әйелдердің өз-араларында жабылуы керек әурет жерлері – кіндік пен тізе арасы. Осы жерлерге, әйел де болса, қарауы харам. Тек, мәжбүр жағдайларда рұқсат етіледі. Мысалы, дәрігерге қаралу, бала босану т.б.  

Ал, шугаринг жасату мәселесінде зәрулік жоқ.

Сондықтан да, аталмыш пастаны қолданып әр әйел өзі тазаланып жатса, құба-құп. Өйткені, дінімізде әурет жердегі және қолтық астындағы түктерді қырық күннен асырмай тазалап отыру керектігі айтылған[1].

Бірақ, өзгенің әурет жеріне қарап, ол жерлерге шугаринг жасап беру – дінге де, ақылға да теріс.

Тоқ етерін айтқанда, әлгіндей сипатта аталмыш кәсіппен айналысу – шариғатқа қайшы. 


[1] Тирмизи , Китабуль Әдәб, №2559-хадис.: «Мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық түгін жұлып, әурет түгін қыруды қырық күннен асырмауды бұйырды»

Абдусамат Қасым