Әссәләмуғалейкум! Кешіріңіздер сұрайын дегенім, кеше Асыл арнаның шығарған Құрбан айтқа қатысты бейнеролигін көрдім. Сонда, құрбан шалғысы келген адам Зүлхиджа айының басынан құрбандығын шалғанға дейін тырнағын және түгін алмай, шашы мен сақалын қысқартпауы керек делінген. «Сақ болыңдар» деп қойыпты. Сол дұрыс па? Дұрыс болса, бұрыннан неге білмегенбіз? Мен кеше ғана шашымды алдырдым. Енді, осы әрекетім үшін күнәһар боламын ба? Өтінемін, мені дұрыс түсініңіздер. Мұндағы ойым, бүлік шығару емес, тек қана білейін деген едім. Айсұлтан
Асыл арна шығарған бейнероликте шаш пен тырнақты алмау керек делінген. Осы дұрыс па?
|
Уағалейкум әссәләм! Құрметті Айсұлтан, Ханафи мәзһабында Зүлхиджа айының алғашқы он күнінде құрбан шалғысы келген кісінің құрбанын шалғанша шашын және тырнағын алмауы – уәжіп емес, мұстахаб. Яғни, осы күндері әдемі киініп, әтір себіну қалай тыйым салынбаған болса, дәл солай тырнағын алып, шашын қысқарту да харам емес.
Бұған дәлел келтірер болсақ, «Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта, Заяд ибн Әбу Суфиян деген кісі Айша анамызға хат жолдады. Хатында былай дейді: «Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша, кім Меккеге құрбандық жіберсе, құрбандығы шалынғанға шейін (қажылық парызын өтеушілерге) ихрамға кіргенде не нәрсе тыйым салынатын болса, оған да тыйым салынады екен», - деп, бұл мәселе жайында Айша анамыздың пікірін сұрайды.
Сонда Айша анамыз (р.а.) оған жауап ретінде: «Бұл мәселе - Ибн Аббастың айтқаны секілді емес. (Хижреттің тоғызыншы жылы) Пайғамбарымыздың құрбандығына арқанды мына екі қолыммен өзім өргенмін. Пайғамбарымыз құрбандық малын өз қолымен байлады. Сосын ол құрбандықты әкем Әбу Бәкірмен бірге Меккеге аттандырды. Сол кезде Пайғамбарымызға Алланың халал еткен нәрселерінің еш қайсысы харам етілмеген еді. Тіпті құрбандары шалынғанға дейін де»[1].
Осы хадиске зер салып қарайтын болсақ, Меккедегі қажылық парызын орындаушы мұсылмандарға ихрамға кіргенде тыйым салынатын тырнақ алу, шаш алу сияқты әрекеттер, Мединедегі Пайғамбарымызға тыйым салынбағанын байқаймыз. Бұл - құрбан шалғысы келген кісілердің құрбан айтқа дейін тырнақтары мен шаштарын ала беруге болады деген сөз.
Ал, Асыл арнаның беріп отырған мәліметі, Ханбәли мәзхабы бойынша[2]. Ханафи мәзхабына сай келмейді[3].
[1] Сахих Муслим – Китабул хадж- №2348 хадис.
[2] Ибн Құдама, әл-Муғни.
[3] Имам Тахауи. Шархул Маъанил әсәр.; Мухтасару ихтиләфил ъуләмә лит Тахауи.