Ғұсыл алғаннан кейін мәни немесе мәзи бөлінсе, қайта ғұсыл алу керек пе?
Ғұсыл алғаннан кейін мәни немесе мәзи бөлінсе, қайта ғұсыл алу керек пе?
5 жыл бұрын 28503

Ғұсыл алып, кейін қалдықтары шықса басынан ғұсыл алу керек пе? Қандай жағдайда қалдықтар шахуатсыз шыққан болып саналады?  

Құрметті сұрақ қоюшы, төсек қатынасынан кейін зәр сындырып немесе біраз уақыт жүріп, яки, ұйықтап, сосын ғұсыл құйынған болсаңыз, одан кейін бөлінген мәнидің қалдықтары себепті қайта ғұсыл құйынудың қажеті жоқ. Алған ғұсылыңыз бұзылмайды. Мұнда ғалымдарымыздың арасында талас жоқ.

Ал, егер, қатынастан кейін аталмыш іс-әрекеттің ешбірін орындамай бірден ғұсыл алған болсаңыз, ондай жағдайда кейіннен бөлінген мәнидің қалдықтары себепті, қайта ғұсыл алу керек болады. Бұл – Әбу Ханифаның және Имам Мұхаммедттің тұжырымы (р.а.). Имам Әбу Юсуф болса, мұндай жағдайда да қайта ғұсыл құйынудың қажеті жоқ деген[1].

Имам Әбу Юсуфтың аталмыш ұйғарымы – күн суық кезде немесе қайта-қайта ғұсыл құйынуға мүмкіндік жоқ кезде, яки жуына берген себепті сырқаттанып қалатынынан қауіптенген кісіге, не болмаса, үйде адамдар көп болып, ғұсылдана беруден ыңғайсызданған адамға тығырықтан шығар жол болары сөзсіз. Әйтсе де, мүмкіндігі мол адамға, ондай жағдайда қайта ғұсылданып алғаны абзал.

Мәзи бөлінген болса, екі жағдайда да қайта ғұсыл алудың қажеті жоқ.

Осы орайда, ләззатсыз өздігінен бөлінген мәни – ғұсылды бұзбайды. Мысалы, белінен соққы жегені себепті, ауыр зат көтергені себепті, сырқаттық себепті т.б. ләззатсыз, өздігінен мәни бөлінсе, ол ғұсылды бұзбайды.


[1] Ибн Һумам: «Фәтхуль Қадир» – 1\66 бет; Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная» - 1/331 бет.

Абдусамат Қасым