Баланы қанша жасында сүндетке отырғызу керек?
Баланы қанша жасында сүндетке отырғызу керек?
5 күн бұрын 1102

Ассаляму алейкум! Баланы сүндетке отырғызғанда бізде үш, бес, жеті жасында отырғызу керек деген үрдіс бар ғой, шариғатта қалай? Жасына қарамай отырғыза берсе бола ма? Айгүл.

Бисмилләһир рахманир рахим, уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта сүндетке отырғызудың белгілі кесімді уақыты жоқ. «әл-Фәтәуә әл-Һиндия» кітабында баланың сүндеттелу уақыты «жеті жас пен он екі жас аралығы» деп берілген. Онда былай делінеді:

«Сүндетке отырғызудың ұнамды (мұстахаб) уақыты – жеті жастан бастап, он екі жасқа дейінгі аралық. Осы таңдалған уақыт, «сиррожия» кітабында солай келтірілген..».1

Бұл мәтінде де айтылып тұрғандай бұл уақыт - «мұстахаб», яғни, ұнамды, кеңес етілетін уақыт, одан ерте сүндетке отырғызса да болады.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немерелерін туыла салып жетінші күнінде сүндетке отырғызғанына қарап, кей ғалымдар сәби кезінде де отырғызуға болады дейді, бірақ міндетті емес.

Қорыта айтқанда, баланы сүндетке отырғызудың оңтайлы жасын әрбір ата-ана өзі белгілегені жақсы деген ойдамыз, бастысы он екі жасқа шейін кешіктірмей атқарылғаны жөн. Халық арасында баланы мектепке дейінгі жаста сүндетке отырғызу дағдыға айналған, осы дағды бойынша төрт-бес жастарында сүндеттесе қате болмайды.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!


1ابْتِدَاءُ الْوَقْتِ الْمُسْتَحَبُّ لِلْخِتَانِ مِنْ سَبْعِ سِنِينَ إلَى اثْنَتَيْ عَشْرَةَ سَنَةً هُوَ الْمُخْتَارُ كَذَا فِي السِّرَاجِيَّةِ. («әлФәтәуә әлҺиндия»)

Абдусамат Қасым