Тозығы жеткен Құран нұсқасын немесе ескірген өзге діни әдебиеттерді өртесе бола ма?
Тозығы жеткен Құран нұсқасын немесе ескірген өзге діни әдебиеттерді өртесе бола ма?
8 жыл бұрын 8280

Абдусамат аға, әссаламуғалайкум! Сізге қояр сұрағым: Үйде және жұмыста діни әдебиеттер ескіріп қалып жатады. Оны қалай жоюға болады Ханафи мазһабы бойынша? Аллаһ сізге разы болсын! Дамиян

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Көнеріп, оқуға келмейтін халге жеткен Құранды Ханафи ғалымдары*: мұсылман адамша, бір таза матаға орап, аяқ баспайтын жерге көмген абзал деген. Ол үшін, жер қазылып, мүмкін болса Кітапқа шақтап "лахид" ойылады (ішкі үй). Құранды соған орналастырып, көміледі. Болмаса топырақты Құранның дәл үстіне сеппеу үшін, қазылған шұңқырға алдымен Құранды жайғастырып, одан кейін үстінгі жағын көлейгейлеп бастырманың шатыры іспетті көлденең тақтайлар қояды. Сонан соң, оның үстінен топырақпен көмеді[1]. Бұл – Құранға деген құрметтің нышаны. Ал, Құранға тікелей топырақ шашып көмуді Ханафи ғалымдары Қасиетті Кітапты қорлағанмен тең деп есептеген. 

Құраннан басқа, ескірген өзге діни әдебиеттер мен жазбалардың аяқ асты болып кетуінен қауіптенсеңіз, өртеуіңізге болады. Әйтсе де, ең абзалы - мүмкін болса көнерген хадис, фиқһ т.б. осы сияқты діни әдебиеттерді де көмген жақсы. 

[*Мәлики және Шафиғи мәзхабындағы ғалымдар: Көмуге мүмкіндік болмаған жағдайда оқуға келмейтіндей көнерген Құранды да өртеуге рұқсат дейді. Әзіреті Османның өзі Құранды бір нұсқаға топтастырып, қалған нұсқаларын өртеткені деректерде бар. «Сахих Бухар», №4988]


[1] Хашияту Ибн Ғабидин. 

Абдусамат Қасым