«Періштенің құлағына шалынсын» деген сөз дұрыс па? Періштенің құлағы бар ма? (сұхбат)
«Періштенің құлағына шалынсын» деген сөз дұрыс па? Періштенің құлағы бар ма? (сұхбат)
9 жыл бұрын 25859

Ассаламуғалейкум! 
1. Осы "періштенің құлағына шалынсын" деген сөз дұрыс па? Олар ғайып нәрсе ғой. 
2. Оларда шынымен құлақ бар ма? Біздің сөзімізді естуі үшін құлаққа тәуелді ме? 
3. Олар есту үшін міндетті түрде ауызбен айтуымыз керек пе?
4. Арақ ішерде осы сөзді айтады. Арақ бар жерде олар бола ма?
5. Және "періштенің құлағы бір күн жабық, қырық күн ашық" деген сөз қаншалықты рас? Бұл қай діннен келген сөздер?
Арине бұл білімсіздіктен шыққан сөз шығар. Толық мәлімет берсеңіздер. Алла разы болсын!

Жазира Қойшығұлова.  

Уағалейкум әссәләм, Жазира! Сұрақтарыңызға жеке-жеке тоқталып өтелік.

- Осы "періштенің құлағына шалынсын" деген сөз дұрыс па?

- Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сахих хадисте: «Жаназаға барғанда жақсы нәрсе айтыңдар. Шынында, періштелер айтқандарыңа «әмин» деп тұрады», - деген[1]. Ендеше, ата-бабамыздың «періштенің құлағына шалынсын» деуінің астарында «соны естіп тұрған періште "әмин" десін» дегендік жатса керек. Яғни, тілеген тілегіңіз қабыл болсын деген сөз. Олай айтудың еш күнәсі жоқ.

- Оларда шынымен құлақ бар ма? Біздің сөзімізді естуі үшін құлаққа тәуелді ме?

- Періштелерге де Алла тағала есту қабілетін бергені анық. Бірақ біздегі секілді арнайы орган арқылы естиді ме, әлде жоқ па, ол жағы бізге беймәлім.

- Олар есту үшін міндетті түрде ауызбен айтуымыз керек пе?

- Көкейдегіні періштелер біледі. Сондықтан да іштей де жақсы тілекте болғанымыз жөн. Көкейдегіні періштелердің білетіндігін кейбір риуаяттардан байқауға болады. Мысалы, Бухаридың кітабында келтірілген сахих хадисте: «...Кімде-кім, бір жақсылық жасауға оқталып, бірақ оны жасай алмаса, онысын Алла тағала өз құзырында «толық жақсылық жасады» деп жазып қояды...» - делінген.

Осы хадистің түсіндірмесінде белгілі хадисші ғұлама ибн Хажар әл-Асқаләни (м.1372-1448ж.) былай деп өтеді: «Адамның көкейіндегі нәрселерден періштенің хабардар екендігіне осы хадис дәлел. Онысы Алланың білдіруі арқылы болуы мүмкін немесе іштегіні біле алатындай қабілет жаратуы арқылы болуы мүмкін»[2]. 
Ендеше, тілімізбен айтпасақ та іштей тілеген тілегімізге де періштелер «әмин» деп тұрады деуге негіз бар.

- Арақ ішерде осы сөзді айтады. Арақ бар жерде олар бола ма?

- Арақ ішкен кісінің дұғасы қабыл болмайды. Тіпті кейбір хадисте: «Кім де кім, шарап ішіп, мас болса, оның қырық күн (сабахән) намазы қабыл болмайды...»[3], - делінген. Оның жасаған күнәсін періштелер амал дәптеріне жазып тұрады.

«Періштенің құлағы бір күн жабық, қырық күн ашық» деген сөз қаншалықты рас?

- «Періштенің құлағы бір күн жабық, қырық күн ашық» деген сөздің шариғатта негізі жоқ. Шариғатта:
« مَّا يَلْفِظُ مِن قَوْلٍ إِلَّا لَدَيْهِ رَقِيبٌ عَتِيدٌ - Аузынан бір сөз шығарса болды, алдында аңдушы (періште) дайын»[4], - делінген. Аталмыш сөз әлдебіреудің қиялынан туындаған ой болса керек. Аллаһу аъләм.


[1] Сахих Мүслім * №1533 хадис.
[2] Фатхул Бари - №6126 хадис.
[3] Тирмизи, «Китабуль Әшриба», №1862-хадис.
[4] Қаф сүресі, 17-18 аяттар.

Абдусамат Қасым