Иса пайғамбарға қатысты айтылған «Сахих Бұхаридегі» хадистерде қарама-қайшылық байқалады. Оған не дейсіз?
Иса пайғамбарға қатысты айтылған «Сахих Бұхаридегі» хадистерде қарама-қайшылық байқалады. Оған не дейсіз?
7 жыл бұрын 4511

Асалямуағалейкум уа рахматулахи! Сұрағым: неге пайғамбарымыз (с.а.с) түсінде екі түрлі Исаны (ғ.с.) көрген. Сахих Бухариде №3438, №3441 келген хадистерде Иса пайғамбарды сиппаттау барысында (бірінде қызыл түсті, бірінде қара)  қарама-қайшылық байқадым.  Осыған не дейсіздер?  Тілеков Дәурен.

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дәурен, сіз сұрап отырған хадистердің арабша мәтінін тікелей, үстірт аударатын болсақ, өзіңіз айтпақшы екеуінің арасында қарама-қайшылық байқалады. Дегенмен, оны тілдік негізде тереңірек зерттеген адам ешқандай қарама-қайшылықтың жоқтығына көзі жететіндігі анық. Ендеше, "Сахих Бұхари" атты хадис жинағында орын алған екі хадиске жеке-жеке қысқаша тоқталып өтелік.

Сахих Бұхариде келген №3438-хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді:

رأيت عيسى وموسى وإبراهيم فأما عيسى فأحمر جعد عريض الصدر...

«Мен Исаны, Мұсаны және Ибраһимді көрдім (ғалейһимиссәләм). Иса пайғамбар – қызыл шырайлы (ахмар), тығыншықтай әрі кең иықты...». 

Енді, №3441 нөмерлі хадисте болса, Иса пайғамбар «..رجل آدَمُ سَبطُ الشعر...» деп, сипатталған. Үстірт қараған адамға оның мағынасы: «...шашы тегіс жатқан, қара реңді кісі...» дегенді білдіреді.

Әйткенмен, келтірілген екі хадисті талқылайтын болсақ, бірінші хадистегі «أحمر (ахмар)» сөзін мен екіншідегі «آدَمُ» (әдәм) сөзін үстірт түсінген жағдайда, бірінде «қызыл (ахмар)», екіншісінде «қара (әдәм)» деген мағыналар шығатындығы рас. Алайда, ол екі сөзді тілдік тұрғыда және қолдану ерекшелігіне сай тереңірек зерттейтін болсақ, екеуінің де бір мағынаны білдіріп тұрғандығын көреміз. 

Дәлірек айтқанда, бірінші хадистегі «أحمر (ахмар)» сөзінің араб тіліндегі негізгі мағынасы қызыл түсті дегенді ұғындырғанымен, кей жағдайларда ол сөз "ақ түске" де қолданылады екен[1]. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір сөзінде: «Мен аққа да (ахмар), қараға да жіберілдім» деген. Осы хадистегі «أحمر (ахмар)» сөзі "ақ түс" деген ұғымда қолданылып тұр. Осыған қатысты, өзі хадисші, өзі тіл ғалымы Сәғләб есімді ғұламадан: «Неге Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жерде «أبيض (әбяд–ақ түс)» сөзін емес, «أحمر (ахмар)» сөзін қолданған» делінгенде, Ол (Сәғләб): «Өйткені «أبيض (абяд)» сөзін адамға қолданғанда көбіне реңнің ақтығына емес, тазалығын әрі бойындағы кәмілдігін білдіру үшін қолданып жатады. Ал, реңінің ақтығын ұғындыру үшін «أحمر (ахмар») сөзі қолданады», – деп жауап берген екен[2].

Бұнымен қатар, хадистің Әбу Дәуіттегі нұсқасында да Иса пайғамбарға «إلى الحمرة والبياض» деп сипаттама беріледі. Оның мағынасы: "Қызыл аралас ақ түсті"[3].

Және бірінші хадистегі «جَعد» (жәъд) сөзі де шаштың бүйралығын емес, дененің тығыздығын, мығымдығын білдіріп тұр.

Ал енді, 3441 нөмірлі екінші хадиске тоқталар болсақ, ондағы «آدَمُ» (әдәм) сөзінің негізгі мағынасы "қара түс" дегенді білдіргенімен, кейде "қызыл аралас ақ түсті" де ұғындырып жататын кездері болады. Себебі, арабтарда ертеде ақ реңді түйені де кейде «آدَمُ» деп атайтыны деректерде көрсетілген[4]. Қазақ тіліндегі «бетінің қаны тамған» немесе «қызылшырайлы» деген теңеулер осы «آدَمُ» (әдәм) сөзінің қазақша баламасы деуге болады.  

Осыған қарағанда, екі хадистің екеуінде де Иса пайғамбарымыздың реңі - қызыл шырайлы, шашы - тегіс және денесі - тығыншықтай деп сипатталып тұр.

Демек, аталмыш екі хадисті тілдік тұрғыда саралай келе, екеуінің арасында қылдай айырмашылық жоқ екендігін сенімді түрде айта аламыз. 

Әлһәмдулиллаһи раббиль алямин.

[1] Әбу Омар Юсуф ибн Абдулла, әл-Истизкәр – 1708 баб/1709 хадис.
[2] Ибн Әсир, ән-Ниһая фи ғарибиль хадис, «әл-Ха мағал Мә»  – 1/438-439 бет.
[3] Әбу Дәуід – 4232.
[4] Әбу Омар Юсуф ибн Абдулла, әл-Истизкәр – 1708 баб/1709 хадис.
(Ескерту: Жоғарыда ұсынылған материал 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның редакцияланып, қайта жарияланған түрі).

Абдусамат Қасым