«Астағфирулла», «МәшәАлла» деген сөздерді және дұғаларды қазақша айтуымыз керек деп жатыр, сол дұрыс па?
«Астағфирулла», «МәшәАлла» деген сөздерді және дұғаларды қазақша айтуымыз керек деп жатыр, сол дұрыс па?
2 жыл бұрын 18380

Әссәләмуғалейкум! Бір видеода «Астағфирулла», «МәшәАлла» деген сөздерді қазақша айтуымыз керек, дұғаларды қазақша айтуымыз керек, еліктемеуіміз керек деп жатыр, есімдерді де қазақша қоюымыз керек дейді, оған не айтасыз? Адасып кеткен жоқ па? لا اله الا الله

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Еліктемейік» дегені түбегейлі араб болып кетпейік дегені болса керек. Әр ұлт өзінің салт-санасын, әдет-ғұрыпы пен мәдениетін сақтағаны жақсы. Оған таласымыз жоқ.

Бірақ діндегі құлшылық саналатын тәспихаттарды және хадисте үйретілген дұғаларды да қазақша айтуымыз керек, арабша айтпауымыз керек деген уәж жартылай дұрыс, жартылай дұрыс емес. Жартылай дұрыс дегенім, оларды намаздан тыс уақытта қазақша мағынасында айтуға болады. Ол дұрыс. Бірақ, мысалы, тәспихат сөздері, олар - ғибадат сөздері болып саналатындығын да ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан да, оларды түпнұсқасында айтқанда ғана олар өз алдына құлшылық болып есептелмек. Оның сол жөні де бар. 

Тәспихат сөздерінің терең рухани жағы бар. Мысалы, «астағфирулла» деген «истиғфар» сөзін біз қазақша мағынасында «Алла кешір», «Сенен кешірім тілеймін» деп айта аламыз. Әрі оны құдай естиді, қабыл етеді және Алла қаласа кешіреді. Бірақ оны «астағфирулла» деп түпнұсқасында айтқанда қосымша құлшылық сауабы да берілмек. Өйткені, ол жоғарыда айтып өткеніміздей ғибадат сөздерінен саналады, әрідесе Пайғамбардың үйретуі солай. Пайғамбар орындағандай орындаудың өзі құлшылық.

Оның үстіне «астағфирулланың» өзге тілдегі мағынасы, ол сөздің рухани жөнін толық қамтымауы мүмкін. Мәселен, астағфирулла деген адамның жүрегінен «күнә кірлері» тазарады, қатайған жүрегі жібиді делінеді. Оның осындай бір рухани тұстары да бар. Ал оның өзге тілдегі мағынасы түпнұсқадағыдай әсер бермеуі мүмкін.

Сондай-ақ, «мәшәАлла» сөзін алалық. «МәшәАлла» сөзін біз көбіне таң қалған дүниемізге айтамыз, сонда көз өтпейді деп сенеміз1 (мағынасы: Алланың қалауы). Ол сөздің осындай рухани жөні бар. Енді біз таңқалған немесе ұнатқан бір затқа аталмыш сөздің қазақша мағынасын айтсақ, түпнұсқасындағыдай "көз тимеу" әсерін бере ме? Береді десеңіз, оған анық қалай көз жеткізе аламыз? Оған дәлел бар ма? Оны білмейміз. Оған дәлел жоқ. Ал бірақ түпнұсқада айтқанда аталмыш пайдасы бар екендігі хадисте айтылған. Құран аятында да келген. Сол себепті, "мәшәАлла" сөзін де түпнұсқада айтқан абзалырақ болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл сөздерді ауадан алып отырған жоқ. Арнайы уахидан шаббытанып, «солай айтыңдар» деп үйретіп отыр. Демек, онда бір гәп бар. Әйтпесе, неге дәл сол сөздерді үйретеді?! Бұл "буквализмге" жатпайды. 

Ендеше, тәспихат сөздері, соның ішінде мәшәАлла, астағфирулла сөздері - Пайғамбар үйреткен «құлшылық сөздері» болып есептелетіндіктен, оларды түпнұсқада айтқан дұрыс. Сонда, сіз құлшылық сауабын аласыз, әрі ол сөздерде сақтаулы рухани пайдадан да құр қол қалмаған боласыз. Ал енді мұны "еліктеу" десеңіз, бұған айтарымыз: тәспихат сөздерін түпнұсқасында айту - арабтарға еліктеу емес, Пайғамбарға еліктеу. Дініміз Пайғамбарға еліктеуді бұйырған. «Оларға айт: Егер Алланы жақсы көрсеңдер, маған еріңдер, сонда Алла сендерді де жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді. Алла кешірімді, ерекше мейірімді». («Әли Имран» сүресі, 31 аят). Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1 Әнәстән жеткен бір риуаятта Алла елшісінен мынадай хадис келген: «Кімді көрген әлдебір нәрсе таңқалдырған кезде «МәшәАлла лә қууәтә иллә билләһ» десе, оған көздің зияны тимейді». Бәззәз келтірген. Һәйсәми әлсіз деп баға берген.

Абдусамат Қасым