Ассаламу алейкум! Жалпы бір жағдайларда «Алла Тағаланың қолында» деп айтып жатамыз ғой. Негізі «қолында» деп айту дұрыс па?
|
«Алланың қолында» деп айтуға бола ма, әлде күпірлік пе?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Қазақ тілінде «барлық нәрсе Алланың қолында» деген сөз бар. Бұл дегеніміз, барлық нәрсе Алланың қалауында - Алла қаласа болады, қаламаса болмайды деген ұғымда. Олай айтудың еш оғаш тұсы жоқ. Мұны «мәжәз» дейді, яғни, метафора, астарлы сөз. Мәжәзи сөздердің қолданылуы әрбір тілде бар. Сол сияқты Құран тілінде де мәжәзи сөздер көптеп кездеседі. Мысалы, Құранда: «Алланың қолы олардың (Пайғамбардың қасынан қашпай соғысуға серттесіп қол берген сахабалардың) қолдарының үстінде!» делінген аят бар. Осы аяттағы "Алланың қолы" деген сөз - «Алланың күш-қуаты, жәрдемі және нығметі олардың күш-қуатының және жәрдемдерінің үстінде» деген мағынада айтылып тұр1.
Сондай-ақ, ауыз-екі тілде «Құдайдың арқасында...» деп те айтып жатамыз, мұның мағынасы: «Құдайдың қолдауымен, оның жәрдемімен» деген ұғымда. Ендеше, «Барлық нәрсе Алланың қолында» деу күпірлік емес, тілдік ерекшелікке байланысты дүние.
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!
1Құртуби тәпсірі, «Фәтх» сүресі, 10 аят тәпсірі.