Хайыз кезінде қандай құлшылық түрлерін орындауға болады?
Хайыз кезінде қандай құлшылық түрлерін орындауға болады?
7 жыл бұрын 49813

Сәлеметсіз бе! Хайыз кезінде қандай құлшылық түрін орындауға болады? Рахмет.

Сәлеметсіз бе! Хайыз кезінде мұсылман әйел мынадай құлшылық түрлерін орындай алады:

1) Зікір-таспихаттар айту

2) Салауаттар айту

3) Дұға мазмұндас Құран аяттарын дұға ретінде айту (мысалы, «раббәна әтина» дұғасы, фатиханы т.б.)

4) Намаз уақыты кіргенде дәрет алып, намаз оқитын жерінде бір сәт отырып (намазға кететін уақыт мөлшеріндей), Аллаға қол жайып, дұға ету. Тәспих тарту.

5) Әр намаз уақытында жетпіс мәрте «астағфирулла» деп истиғфар айту. Фиқһ кітаптарында орын алған бір риуаятта «Хайызы келген әйел әр намаз уақытысында жетпіс мәрте истиғфар айтса, мың рәкәғат намаздың сауабы жазылады» делінген.  (Фәтәуә Тәтәрхания). ("Астағфирулла" - "Алладан кешірім тілеймін").

6) Ілім іздеу. Құран кітап және тәпсір кітаптарынан басқа әртүрлі діни әдебиеттерді оқуына болады. Ілім іздеу де құлшылық. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ілім іздеу әрбір мұсылманға парыз» , - деген. (Ибн Мәжә).

7) Құран тыңдау. Құранды тыңдау да құлшылық. Тек, Құранның аудио не видео оқылуын тыңдау барысында ауызша қайталамау керек.

8) Құранды ұстамай, оған қарап жүрекпен, яғни, ойша оқуға болады. Шафиғи ғұламасы Имам Нәуәуи (р.а.) былай деген: «Жүніп адамға да, хайызы келген әйелге де Құранға қарауға, әрі, оны тілді қимылдатпастан жүрекпен оқуға болады. Бұнда талас жоқ». (әл-Мәжмүъ шархуль мүһәззәб).  

9) Уағыз-насихаттар тыңдау.

10) Садақа беру.

11) Түрлі ғылыми мәжілістерге қатысу.

12) Науқасты зиярат ету.

13) Қабірді зиярат ету.

14) «Бәрін айт та, бірін айт» демекші - үй шаруасын ойдағыдай атқарып, дәмді ас әзірлеп, жұмыстан оралған ерін кұлімсіреп қарсы алудың өзі үлкен сауап екендігін естен шығармаған жөн.

Алла сауаптан жазғай! 

Абдусамат Қасым