Cұрақ: Бір сайтта "Қатыным" дегенге қуаныңыздар, қатындар" деген мақала шығып, онда қатын сөзінің сөкет еместігін айта келіп, әйел сөзі парсыша жезөкше деген мағынаны білдіреді деп жазылыпты. Онда былай делінген: «Ал, қазір "әйел" деген сөзді әспеттейтін болдық. Көбіміз әлі күнге "қатыннан" қашып, "әйелді" ардақтап жүрміз. "Әйел" парсы тілінен енген "әййәл" - сайқал, жезөкше деген мағынаны білдіретін сөз" http://shyn.kz/article/view?id=2540). Естуімізше, әйел сөзі парсыдан бұрын арабтың عيال сөзінен шығатын сияқты еді. Оқырманды әрі-сәрі етіп қойған осы ұшқалақтау пікірдің мән-жайын түсіндіріп айтып өтсеңіз. «Қатын» деген дұрыс па, әлде «әйел» деген жөн бе? Шариғатта қалай? Анон.
"Әйел" сөзі - жезөкше деген мағынаны білдіреді дейді. Осыған не дейсіз?
|
Құрметті сауал жолдаушы, біріншіден, «әйел» сөзінің (ор.женщина) парсы тіліндегі баламасы - «زن (zæn)» немесе «خانم (Хоным)». Хоным деп, көбінесе өте сыйлы әйелдерге қарасты айтылады.
Екіншіден, қазақ тіліндегі «әйел» сөзінің негізі парсыдағы «عيال (Йиәәл)» сөзінен шыққан деген күннің өзінде (Қ.Т.Ә. сөздігінде парсы тілінен енген делінген [иран. ع" ,[1]([«عيال ол сөз - парсы тілінде «жезөкше» дегенді емес, «жұбайым» деген мағынаны білдіреді[2]. Ал, жезөкшені парсы тілінде «فاحشه (фахиша)» деп атайды. Сондықтан да, әйел сөзінің түпкі мағынасын «сайқал», «жезөкше» дегенге саяды деу бекершілік.
Оның үстіне, «عيال (Йиәәл)» сөзінің өзі парсы тіліне арапшадан енген. Ол - арапшадағы «عَيِّلٌ» сөзінің көпше түріндегі нұсқасы (عِيَالٌ). Араб тіліндегі түпкі мағынасы: "отағасының қарауындағы отбасы мүшелері"[3].
Ендеше, «әйел» сөзінің шыққан жерін қазбалайтын болсақ, оның түбі фариси емес, араби тілге барып табан тірейді екен. Дегенмен, екі тілдің қайсысына тиесілі етсек те сұрақта көрсетілген ұғымдарды білдірмейді.
Ендігі жерде, шариғатта үкім қоярда әр елдің өз ана тілінде қалыптасқан мағынасы негізге алынады. Жергілікті халық қай мағынада қолданған болса, сол мағына назарға алынады.
«Усулуль Фиқһ», яғни, «фиқһ әдістемесі» ғылымында «ақиқат» және «мәжәз» деген арнайы тарау бар. Қандай да бір сөздің түпкі мағынасы сол қалпында сақталып, басқа ұғымға ауыспай қолданылуын «ақиқат» дейміз. Мұны «ақиқи мағына» деп айтсақ болады. Мысалы, «адам туылды» деген сөйлемдегі «адам» сөзі ақиқи мағынасында қолданылып тұр.
Ал, егер, қандай да бір сөз негізгі мағынасында емес, ауыспалы мағынада қолданылып тұрса, оны «мәжәз» дейді. Мысалы, «Ол – қасқыр жігіт» делінсе, мұндағы «қасқыр» сөзі ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Жігіттің қайсарлығын, батырлығын ұғындыру үшін айтылған сөз.
Демек, шариғатта «әйел» сөзінің қазақ тіліндегі ақиқи мағынасы - "нәзік жандылар" деген ұғымда.
Енді, «қатын» деген дұрыс па, әлде «әйел» деген жөн бе? дегенге келер болсақ, мұнда да жалпы халық арасындағы қолданысты негізге алуымыз тиіс. Мысалы, бізде қатын сөзін бәріне бірдей қолдану әбестік. Оны көбіне дөрекілікке, әдепсіздікке балап жатады. Сондықтан да, «әйел» сөзін қолдану қалыптасқан. Осыған орай «әйел» сөзін қолданған жөн.
[1] Қазақ тілінің әмбебап сөздігі: "әйел" [иран. عيال].
[2] http://www.almaany.com/ar/dict/fa-ar/ عيال
[3] Доктор Мұхаммед Нуруддин: «Муъжамуль алфазуль арабия филь луғатиль фарисия (Парсы тіліне енген арапша сөздер сөздігі)».