Президенттің оққағарлары қандай спортпен айналысады?
Президенттің оққағарлары қандай спортпен айналысады?
8 жыл бұрын 5480 Baq.kz Асылан ТІЛЕГЕНОВ, «Ұлан», №12

«MEIBUKAN» жекпе-жек өнері клубы Каратэ-до республикалық қоғамдық бірлестігіне қарайды. Алматыда бірнеше жаттығу залы бар. Сонымен қатар, басқа қалаларда – Маңғыстау облысында, Солтүстік жəне Шығыс Қазақстанда, Ақтөбеде, барлығы он аймақта филиалдары бар. Соның ішінде ең жақсы дамығаны Солтүстік Қазақстан облысында, онда тіпті аудандарында да ашылыпты. Годзю-рю солардың барлығында бар дейді жаттықтырушылар. 

Жуырда Алматы қаласында үлкен жаттығу залдарының бірінде осы өнерді таныстыру мақсатында шеберлік сағаты өтті. Айрықша ерекшелігі – жас талғамайды. Сол үшін де бұл өнердің қыр-сыры жөнінде «ұландық» достармен бөлісуді жөн көрдік… 

Нұрлан КЕРІМБАЕВ, ҚР «MEIBUKAN» годзю-рю каратэ-до федерациясының президенті, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Годзю-рю карате-додан (IMGKA) қара белбеу (5-дан) иегері:

Қарусыз қалған жағдайда керек өнер

Əуелі күреспен айналыстым. Кеңес одағы кезінде каратэ «жертөледе» болатын. 90-жылдары ғана шықты Мұның 90 пайызы спортта қолданылмайды. Əскерилерге арналған өнер. Сол жағы бізге ұнады да, сонымен кеттік. Годзю-рю – қолыңдағы қарудан айырылып қалған жағдайда қорғану үшін пайда болған өнер. Олимпиадаға кірген жағдайда спорттық бағыты ғана кіреді. Себебі, бұл – дəстүрлі өнер. Жапонияның Окинава аралынан шықса да, олар өздерін жапонбыз деп есептемейді. Сол үшін де жапондарда басқаша, окинавалықтарда басқаша. Елімізде он бір облыста филиалдарымыз бар дедік, сонда шамамен екі-үш мың адам осы өнерді үйреніп жатыр десек болады. Біз еркіндеу халықпыз ғой, бұл өнердің əсіресе ұратын-тебетін жерін құп алып, соған қызығады.  

Нұраддин САДЫҚ, «MEIBUKAN» жекпе-жек өнері клубының директоры, Годзю-рю каратэ-додан (IMGKA) қара белбеу (1-дан) иегері:

Тегін үйрету жоспарымызда бар

«MEIBUKAN» жекпе-жек өнері клубы каратэ годзю-рю бағытында жұмыс жасайды. Алматы қаласының алты жерінде жаттығу орны бар. Бұл өнер негізінен қоян-қолтық ұрысқа негізделген түрі. Спорттық емес, дəстүрлі түрі Мұнда кез келген əдіс түрі қолданылады. Яғни, ұру, тебу, лақтыру, күрес – өмірдегі қоян-қолтық ұрыстағы қолданбалы əдістердің барлығы пайдаланылады. Тағы бір ерекшелігі, бұл спортқа қатысу үшін жас ерекшелігі есепке алынбайды. 4 жастан бастап 99 жасқа дейін қатыса берсе болады.

Көптеген спорттық жекпе-жек өнерінің өкілдері 35 пен 40 жас аралығында спортты тастайды, спорттық формасын жоғалтып алады. Ал мұнда олай емес. Жасы біразға келгенде де залда шынығып жүретінін байқай аласыздар.

Каратэ – бір адамға ғана емес, бірнеше адамға қарсы тұру өнері. Оның да түрлері, жаттығулары бар. Төрт-бес адам жабылған кезде оған төтеп берудің əдіс-тəсілдері үйретіледі. Бұдан басқа да əдіс-тəсілдер көп.

Годзю-рю – каратэнің төртбағытының бірі. Дəстүрлі бағытты ұстанады. Жапонияның Окинава аралынан шыққан өнер. Окинава – жауынгерлік өнерімен танымал болған аймақ, каратэнің отаны. Жапонияның соғысы кезінде белгілі болған камикадзелердің көпшілігі сол аралдан шыққан.

Каратэнің Окинавадағы негізгі ережесі басқа, Еуропа оның көп тұсын алып тастады. Сол үшін де қызықсыз болып қалды. Тағы бір ерекшелеп айтатын тұсы, көптеген елдің президенттерінің жеке күзет қызметкерлері осы годзю-руөнерімен айналысады. Америка, Ресей, Польша, Чехия жəне Қазақстан Республикасы сынды бірқатар ел президенттерінің жеке күзет қызметкерлері пайдаланады. Жоғарыда айтқанымыздай, көп адамға қарсы тұратын кезде біршама көмегін тигізеді бұлөнер. Қыздарға арналған бағдарлама да бар, олар да қатыса алады. Көбінесе қорғаныс ережелерін үйретеміз.

Денсаулыққа зиян ба?

Денсаулыққа пайдасы болмаса, зияны жоқ. Жарыс кезінде денсаулыққа кері əсерлері болмауы қадағаланады. Яғни, басқа киетін арнайы киімі бар. Ұрып-соғу ережесі де негізінен денсаулыққа зиянын тигізбейтіндей əзірленген. Соққы жасауды ғана емес, соққыны қабылдай білуді де үйретеді. Яғни, сіздің денеңіз кез келген уақытта соққыны қабылдауды үйренуі керек. Арқаңыздан, басқа да жерден қатты заттармен ұрғанда оны қабылдауы, зиянын өткізіп алмау ережелерін үйретеміз. Қатты заттарды ұрып сындыру ережелері, оның ішінде жұдырықпен, алақанмен, шынтақпен ұрып сындыру сияқты түрлері бар. Ол жаттығу жиілігіне байланысты. Бірақ, бұл қыздарға рұқсат етілмейді.

Жапондықтар каратэ о баста императорлардың айналасындағы адамдардың, ақсүйектердің айналысатын спорты болғаннан кейін оның негізгі бағасын (үйретуін) қымбатқа бағалайды. Окинавалық шеберлер бір семинарға кемінде 200 доллар алады. Бұл соған татитын өнер. Ал бізде үйрету ақысы əр облыстағы филиалдың ішкі нарығына байланысты. Ал Алматыда 10 000 теңге көлемінде. Кіші топ, үлкен топ, жеке бапкермен үйренуге байланысты бағалар да өзгереді. Кейін мүмкіндігіміз келген кезде əлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына тегін үйретуді жоспарлап отырмыз. 

Негізгі жаттығу түрлері

Годзю-рюдегі негізгі жаттығу – санчин катасы. Бұл ката – тыныс алу органдарын шынықтыратын жаттығу түрі. Жаттығуды дұрыс жасай алған

адам ішкі энергиясын жақсы бақылап, тиімді пайдалана алатын болады. Соның арқасында дұрыс санчин жасай алған адам нокауттық соққы иесіне айналады. Окинавалық каратэдегі жаттығудың тағы бір бөлігі ката деп аталады. Бұл – қоян-қолтық ұрыстарға негізделген əдіс-тəсілдердің жиынтығы. Бір катада ондаған, кейде жүздеген тəсілдер жасырылады. Мейлінше көп ката меңгерген адам соғұрлым көп ұрыс тəсілдерін білетін болады.

Дəстүрлі каратэнің өзгеспорт түрлерінен айырмашылығы, жекпе-жектің бұл түрі бір ғана қарсыласқа төтеп беру мақсатында пайда болмаған. Годзю-рю – бірнеше адамға қалай төтеп беруді үйрететін жекпе-жек. Жаттығудың бұл түрі біз сөз етіп отырған жекпе-жекте какоми деп аталады. Мұнда 3-4 адам жабылғанда жарақат алмай қалай құтылуды үйретеді.

Ходжи-ундо. Жаттығудың бұл бөлігі өзіндік жұмысқа жатады. Мұның да тармақтары көп. Оның бір тармағы – чиша (шоқпар), тангоккин (доға темір), нигиригами (құмыра), макивари сияқты спорттық инвентарлармен жұмыс жасап, қатысушының күш-қуатын арттыруға бағытталған. Яғни, топтық бағдарлама аяқталған соң, əрбір қатысушы бұл аспаптармен жекелей жұмыс істей алады.

Ал, ходжи-ундоның екінші тармағы котэ-китай деп аталады. Бұл бөлімде қатысушы əріптесімен жұптасып, бір-бірінің денелерін (қол, аяқ, кеуде, арқа, іш бөліктері) соққылап қатайтады. Соның нəтижесінде қатысушы кез келген соққыны аз жара-қатпен қабылдай алатын деңгейге жетеді.

Дəстүрлі каратэдегі тағы бір жаттығу түрі қатты заттарды жалаң қолмен ұрып, соққыны денеге қабылдауға үйрететін тамешивари деп аталады. Алайда, жаттығудың бұл түрін каратэмен біраз уақыттан беріайналысатын адамдар ғана жасайды. Себебі, əбден жаттығып, кемеліне толыспаған бозөкпелер бұл жаттығуды жасаймын деп жарақат алып қалуы мүмкін.

 

0 пікір
Мұрағат