Месси іздеген бүлдіршін Ауғанстаннан табылды (ФОТО)
|
Этилен пакеттен «тігілген» футболканың артына өзінің сүйікті футболшысы - Лионель Мессидің атын жазып алған бала Ауғанстаннан табылды. Оның аты - Мұртаза Ахмади.
Естеріңізде болса, бірнеше күн бұрын көк пакеттен футболка жасап, артына «MESSI 10» деген жазу жазып алған баланың суреті бүкіл әлемге тарап кеткен болатын. Тіпті, атақты футболшы, «Барселонаның» шабуылшысы, Аргентина құрамасының капитаны, «Алтын доп» иегері Мессидің өзі бұл балаға іздеу салған. Сондықтан, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бұл баланы іздеуге күш салды.
ВВС агенттігінің хабарлауынша, Мұртазаның жиен ағасы, Австралияда тұратын ауғандық Азим Ахмади интернетке Мұртазаның суретін салған соң, баланы табу мүмкін болған.
Журналистер Азим Ахмади арқылы Мұртазаның әкесі Ариф Ахмадимен байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Ариф Ахмади бүкіл әлем «Мессидің нағыз жанкүйері» деп атаған суреттегі бала оның ұлы екенін растады. Ариф Ахмадидің айтуынша, Мұртазаға пакеттен футболка жасап берген Мұртазаның ағасы екен. Сол ағасы Мұртазаның суретін қызық көріп, Фэйсбук әлеуметтік желісіне салған. Сурет осыдан екі жыл бұрын түсірілген екен, қазір Мұртаза бес жаста. Әкесінің айтуынша, Мұртаза өзінің үш жастағы суреті әлемді шарлап кеткенін, оның футбол мен Мессиге деген құрметі үшін қаншама адам алғыс айтып жатқанын біледі және қазір Мұртаза өзін ең бақытты бала деп атайды екен.
Мұртаза мен оның отбасы Ауғанстанның Газни провинциясында тұрады. Әлеуметтік желіде Месси іздеген баланың табылғаны толассыз айтылып жатыр, сондықтан, бұл сүйінші хабар атақты футболшының құлағына да жетіп, уәде бергендей - кішкентай Мұртазаға өзінің футболкасын сыйлайтынына сенімдіміз.