Зейнеткер Алакөл жағалауында жасыл оазис жасады
|
Жетісу облысы Ақши ауылының тұрғыны Қуат Төлеубаев Алакөл жағасындағы үйінің айналасын оазиске айналдырған деп хабарлайды 24kz.
Зейнеткердің ауласында, тіпті, Бурабай, Баянауыл секілді көрікті жерлердің көшірмелері бар. Көрсе көз тоятын ғажайып көріністі ол небары 3 жылдың ішінде жасап шыққан.
Қуат Төлеубаев өмірлік серігі Сәулемен бірге денсаулығына байланысты осыдан 5 жыл бұрын Алматыдан көшіп келген. Айналасы 3 жылдың ішінде Алакөлдің жағасынан сатып алған шағын аумақты гүлбағына айналдырған. Себебі, саналы ғұмырын көгалдандыру ісіне арнаған оған бағбандық таңсық емес. Жігіт шағында жаңадан құрылған Құлсары қаласын абаттандыру ісіне араласты. Зейнетке шыққаннан кейін де сүйікті ісін жалғастырып келеді.
Қуат Төлеубаев, зейнеткер: - 70-жылдары әкем орман шаруашылығын басқарды. Бала жасымнан ағаш суартып, бағбандыққа баулыды. Кейін «Зеленстройда» жұмыс істедім. Мына жұмыстың бәрі сол уақытта жиған тәжірибенің жемісі. Көгалдандыру қажет екен деп жасыл желекті қалай болса солай еге беруге де болмайды. Оның да өз реті болады. Ол үшін жұмысқа шығармашылық көзқараспен қарау керек.
Алакөлдің қатал табиғаты мен құнарсыз топырағы зейнеткерге кедергі емес. Ақшидің топырағына қандай өсімдік тез бейімделетінін ол қазір жақсы біледі. Ауланың әр бұрышына еліміздегі көрікті орындардың шағын көшірмесін жасап қойған. Бұл жерде Бурабайдың шатқалы мен Баянауылдың қарағайын да табасыз.
Қуат Төлеубаев, зейнеткер: - Бұл жерге гүл егу былай тұрсын, ағаш егудің өзі қиын. Құлсарыда жиған тәжірибемді қолдануға тура келді. Енді мынадай сұлулық пайда болды. Мен бұл жерде таң атырып, әсерлі сәтті үнемі суретке түсіріп аламын.
Ландшафт дизайнердің жұмысын көруге алыс-жақыннан келетін қонақтар аз емес. Солардың бірі – Алматы тұрғыны Иван Соловей. Алғашқы кездесуден-ақ достық пейілде сыйласып кеткен ол отбасымен бірге демалысын осында өткізеді.
Иван Соловей, Алматы қаласының тұрғыны: - Бұл жерді алғаш көргенде ерекше таңғалдым. Қуат шығармашыл, көпшіл азамат. Өлең де жазатыны бар. Бұл жердегі дүниенің бәрін өз қолымен жасаған. Бұдан артық жерді іздеп әуре болмаймыз.
Табиғатпен сырласу үшін бұл жерге өнер адамдары да жиі келеді. Әсіресе, суретшілер мен мүсіншілер. Есім Бөжеев ауқымды жұмыс бастамас бұрын осында келіп шабыт алады екен.
Есім Бөжеев, мүсінші: -Табиғат – жанұя деп айтуға болады. Мынау күн дегеніңіз, осындай кезде ауаны бәрін сезген кезде ішімізден қуат аламыз.
Қуат Төлеубаевтың жолдасы Сәуле оған үнемі қолдау білдіріп отырады. «Отағасының хоббиі бізге бұйырған үлкен сый. Соның арқасында қоршаған әлеммен үйлесімді өмір кешіп жатырмыз», - дейді.
Сәуле Досмайылова, Қ.Төлеубаевтың зайыбы: - Алакөлдің арқасында біз көп дос таптық. Мұнда тұрақты демалуға келетін адамдардың қатары көбейіп келеді. Біз оларға қуаныш сыйлай алсақ, мақсатымыздың орындалғаны.
Ерлі-зайыптылардың болашаққа деген жоспары ауқымды. «Көгалдандыру жұмыстарын жалғастырып, тағы да бірнеше ағаш түрін Жетісу жеріне жерсіндіреміз», - дейді.