Заңгерлер Конституцияның 26-бабы бойынша дауды референдумға шығаруды ұсынды
Заңгерлер Конституцияның 26-бабы бойынша дауды референдумға шығаруды ұсынды
8 жыл бұрын 3039 inform.kz Арман Асқаров

Қазмедиа орталығында өткен жиында еліміздің заңгерлері Президенттің өкілеттіктерін бөлу бойынша Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасын қолдады. 

Алайда, 26-бап бойынша бір келісімге келе алмай, аталған мәселе бойынша халықтық референдум өткізуді ұсынды.

«Жер кодексі - заңды күші бар акт. Аталған құжатта «жер шетелдік азаматтарға жекеменшікке сатылмайды» деп нақты жазылған. Демек, осы санаттағы адамдар үшін шектеулер бар. Оған қоса, жерге қатысты халықтың ұстанымы бір, жер - елдің, халықтың меншігі. Сондықтан, бұл орайда шетелдіктерге жер сату мәселесін қозғаудың қажеті жоқ», - дейді ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі сарапшылар кеңесі жетекшісінің орынбасары Марат Башимов.

Алайда, заңгер Семен Симоненко онымен келіспейді. Себебі, ертең кез келген шетелдік азамат Конституциялық кеңеске шағым түсіріп, Жер кодексінің кейбір баптарын негізгі заңға қайшы екенін дәлелдей алады. Өйткені, Ата заңымыздан жоғары заң жоқ.

Ал Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жаңабілова Президент өкілеттіктерін бөлуді және жекеменшікке қатысты өзгерістерді екі бөлек қарастыруды ұсынды. Ондай ұсынысты ғалымдар жасап отыр. «Әлеуметтік желілерде ғалымдар аталған екі мәселені бөлек қарастыруды ұсынып отыр. Негізі, жекеменшікке қатысты өзгерісті референдумға шығаруға да болады. Қазақстан халқы өз шешімін шығарсын», - дейді Жаңабілова.     

Айта кетейік, Ата заңымыздың 26-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген сөйлемде «азаматтары» деген сөзді «кез келген адаммен» алмастыру ұсынылып отыр. Осыған байланысты қазақстандықтар арасында шетел азаматтары аталған норманы пайдаланып, жерді жекеменшікке сатып алады деген алаңдаушылық бар.

0 пікір
Мұрағат