Үш ай сайын некесін қидырған ақтөбелік келіншек жат ағымға қалай түскенін айтып берді (видео)
Үш ай сайын некесін қидырған ақтөбелік келіншек жат ағымға қалай түскенін айтып берді (видео)
7 жыл бұрын 9461

Ақтөбелік келіншек жат ағымға қалай түскенін баяндай отырып, өзгелерден өзі секілді қателеспеуін сұрады.

Желіде ақтөбелік келіншектің өзі туралы баяндаған видео тарады. Видеоны “Аңсар” ақпараттық талдау орталығы жариялады.

Жас келіншек өзінің үш рет тұрмысқа шыққанын, 6 жыл бойы адасқан ағым жетегінде жүргенін айтты. Ол ата-анасынан теріс айналып, күйеуінің дегеніне қалай келіскенін баяндады.

“Мен мектеп бітірген соң намазхан жігітпен танысып, соған тұрмысқа шықтым. Некемізді қиған соң ол мені қинап намаз оқыттырып, хиджаб кигізді. Кейіннен Халел деген кісінің, Надира Бухуридің дәрістерін тыңдатқызып, өз ағымына жетеледі. Ғаламтордан сол кісінің видеоларын тыңдай жүріп, әрі күйеуімнің айтқанын істеп жүріп салафилік жат ағымға қалай түскенімді білмей қалдым. Тіпті ата-анамды кәпір санап, олармен араласпай кеттім. Мен үшін намаз оқымайтын адамдар кәпір саналатын”, – деп бастады әңгімесін жұмбақ кейіпкер.

Ол бала көтерсе де, күйеуімен ажырасып кеткенін айтты. Адасқан келіншек тіпті әке-шешесінің үйінде бөлек тамақтанып, оларды кәпір санап кеткенін мойындады.

“Жат ағымды өзімде толық ұстанып кеттім. Менің түсінігімде ол дұрыс жол деп білдім. Қазақстан мұсылманның елі емес. Мұндағылар кәпір деп, бұл елден кеткім келді. Сирия, жихад туралы дәрістер тыңдап жүрдім. Бірінші күйеуімнен ажырасқан соң, дінге берілген әйелдердің ортасына түстім. Олар арқылы түрмеде отырған бір кісімен неке қидырдым. Ол менің жағдайымды жасаймын деп уәде бергенімен, некеміз қиылған соң талаптарын қоя бастады. Жұмыс істеп оған тамақ апаруым керек болды. Түрмеге барған сайын ұрып-соғатын. Ақыры оған да шыдамай, мені босатуын сұрадым”, – дейді келіншек.

“Екінші рет талақ етіп кеткен соң тағы бір жетім жігітпен таныстым. Ол екеуміз некемізді қидық. Одан да бала көтердім. Мен жұмыс істейтінмін. Ол жұмыс істемейтін. Бәріне бей-жай қарайтын болды. Сөйтіп жүргенде ауруханаға түстім. Дәрігерлер құрсақтағы баланы алдыртуым керек екенін, олай болмаса болашақта ана бола алмайтынымды айтты. Күйеуіме айтып түсік жасатуға ақша сұрағанымды, ол өзің шеш, менің қатысым жоқ деді. Өзім араласып жүрген ағымдағы таныстарыммен хабарластым. Ешбір ер адам да, әйелдері де көмектеспеді. Ақыры амалым құрыған соң өзім кезінде теріс айналған анамнан ақша сұрадым. Анам менің амандығым үшін бәрін істеуге дайын еді. Маған ақша аударды.

Ақыры баланы алдырып, 6 сағаттан соң есімді жидым. Сол 6 сағатта 6 жылдық өмірім көз алдыма келді. Мен өзімнің 6 жыл бойы адасып жүргенімді түсіндім. Ата-анама қарсы келгеніме өкіндім. Әлі күнге дейін өкінем. Ешбіріңіз менің қателігімді жасамаңыздар. Ғаламтордан уағыз тыңдамаңыздар. Мешітке барыңыздар. Ғаламторда айтылған уағызға қалай арбалғандарыңызды білмей қаласыздар. Олар бастапқыда жақсы нәрселер айтып, әбден сенген соң өз ағымындағы қағидаларын айта бастайды. Одан сақ болыңыздар. Ислам жолы басқа. Исламда ата-анадан безбеуге шақырады. Ал, мен ұстанған ағымда басқаша үйретеді”, деп ағынан жарылды ол.

 

 

0 пікір
Мұрағат