Үкіметтің жаңа құрамы қалай жасақталады
|
21 ақпан күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті таратып, Бақытжан Сағынтаев отставкаға кетті. ҚР Премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Асқар Маминге жүктелді. Ал Үкімет мүшелері Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқарады. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Конституцияға сәйкес Республиканың Президенті өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілетін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметтен босатуға хақылы. Премьер-министрді қызметінен босату бүкіл Үкіметтің өкілеті тоқтатылғанын білдіреді.
Конституцияның 44-бабы 3-тармағында Президенттің Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-министрінің кандидатурасын енгізетіні туралы жазылған.
Президент: Парламент Мәжілісінің келісімімен Премьер-министрді қызметке тағайындайды. Премьер-министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындап, Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды. Үкімет мүшелерінің антын қабылдап, ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді. Сондай-ақ, Конституцияға сай облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады.
Мәжілісі депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне Республика Премьер-министрін тағайындауға келісім береді. Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы ұсыныстарды Премьер-Министр тағайындалғаннан кейiн он күн мерзiмде Республика Премьер-министрi Республика Президентiне енгiзедi.
Айта кетсек, Бақытжан Сағынтаев 2,5 жылға жуық Үкіметті басқарды. Ол Үкіметтің отставкаға кету туралы мәлімдемесінде Президент алға қойған міндеттерді іске асырудағы үйлесімді атқарылған жұмыс үшін Үкімет мүшелеріне алғыс айтып, барлығына табыс тіледі.