Туберкулезбен емделуден жалтарғандар мәжбүрлі түрде емделеді
|
Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында «Туберкулезбен науқастанған және емделуден жалтарған азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы арыздарды қарау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
Шарада Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Арман Жүкенов денсаулық сақтау туралы заңның туберкулезбен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету баптарын түсіндіріп берді.
«Заңда туберкулезбен ауыратын науқастар мiндеттi түрде медициналық байқауда болуға және емделуге жататыны, тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде қажеттi дәрiлiк заттармен қамтамасыз етiлетіні көзделген. Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын науқастар мiндеттi түрде ауруханаға жатқызылып, емделуге және оңалтылуға тиiс», делінген хабарламада.
«Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын және емделуден жалтаратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы шешiмдi денсаулық сақтау органдарының (ұйымдарының) ұсынысы бойынша сот қабылдайды»,- деді сот төрағасы Арман Жүкенов.
Туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жiберiлген науқастың жұмыс орны сақталады. Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек стажы үзiлмейдi және ол жалпы еңбек стажына есептеледi.
Шарада «Туберкулезге қарсы диспансер» дәрігері Армангүл Байшалова: «бүгінде туберкулезбен науқастану көрсеткіштері төмендеп келеді. Өлім көрсеткіштері 16,1 пайызға дейін қысқарды» деген пікірін білдірді.