Төрт күн толған нәрестенің жүрегіне ота жасалды
|
Ақтау қаласының кардиохирургтері дүние есігін ашқанына бар-жоғы төрт күн толған баланың жүрегіне ота жасады. Бұл жайында «Тумба.kz» ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш ақпарат көзінің хабарына қарағанда, жуырда жүрегіне ота жасалған шақалақ Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Анасының құрсағында жатқанда-ақ оған күрделі диагноз қойылған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, шақалақ жүрек ақауымен дүниеге келген. «Дәрігелерде «сатурация индексі» деп аталатын ұғым бар. Бұл – қанның оттегімен қанығудың пайыздық көрсеткіші. Егер бұл көрсеткіш 95 пайыздан төмен түсіп кетсе, онда біз тыныс алу және жүрек-қан тамырлары қызметінің бұзылғаны деп білеміз. Ал бұл нәрестеде мұндай көрсеткіш 26 пайыздан аспаған еді»,- деді Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Нұрлан Тілепов. Шақалақ дүниеге келісімен кардиохирургтер Жаңаөзенге аттанған. Үш күннен кейін оны облыс орталығына алып келген. Төртінші күні оған аса күрделі ота жасады. «Кардиохирургтер палстик жасап, жасанды клапан салды. Осыған дейін үш күн толған шақалаққа да ота жасалған болатын. Алайда, бұл ота екі кезеңнен тұрды. Екінші кезеңі Астанада жасалды. Бұл отаны бастан-аяқ маңғыстаулық кардиохирургтер жасады»,- деді сөзін толықтырған Нұрлан Тілепов. Оның айтуынша, шақалақтың жүрегі 20 грамнан сәл-ақ асады. Осы кішкентай жүрек үшін жеті дәрігер табаны күректей бес сағат еңбектенді. «Мұндай патологиямен туған баланың тірі қалуы екіталай. Әдетте мұндай сырқатпен туған бала 20 күнге жетпей шетінеп кететін. Арнайы аппаратқа қосылған күннің өзінде»,- деді ол. Айта кетейік, бұл ота жаңа жыл қарсаңында жасалған болатын. Осыдан бірнеше күн бұрын шақалақ ауруханадан шығарылды.