Теріс діни ағымның ықпалындағы жастар әскер қатарына алынбайды
Теріс діни ағымның ықпалындағы жастар әскер қатарына алынбайды
8 жыл бұрын 4398 stan.kz

Теріс діни ағымның ықпалындағы жастар әскер қатарына алынбайды. Мұны ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі қатаң қадағалайды екен. Қорғаныс министрлігінің өкілдері осылай деп отыр. Көктемгі шақыртудың басталуына орай журналистерді жинаған ведомоство шенділері әскердегі әлімжеттік пен сарбаздарға берілген жаңаша жеңілдік туралы да айтты.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Болашақ сарбаздарды физикалық және моральдық-психологиялық жағынан тексеру өз алдына, енді олардың діни көзқарасы да ескеріледі. Бұл бағытта әскерилер ішкі істер министрлігі мен өзге де күштік құрылымдардың көмегіне жүгінеді екен.

Нақтылай кетсек, қазір шақыртылып жатқан жастардың бәрін арнайы қызмет өкілдері 3 ай бұрын тексере бастапты. Бұл сынақтардан өтіп, жауынгер атанғандар үшін келесі мәселе – әлімжеттік болары сөзсіз.

“Биыл қарулы күштерде 86 қылмыс тіркелген. Соның сіз айтып отырған әлімжеттігі бар, қатардағы жауынгерлер, екеуі солармен байланысты. Сонда пайызбен айтсақ 2,3 пайыз. Тіркелген осы 2 факт”, – дейді ҚР ҚК әскери полициясы бас басқармасының басшысы Тілеухан Басқожаев.

Қасында отырған генералдың түрткенінен кейін сөзін қысқа қайырған полковник, әрі қарай бұл тақырыпты жылы жаба салды. Есесіне, министрлік шенділері “бірді-екілі жайт болмаса, әскерде бұрынғыдай жүйелі әлімжеттік жоқ” деп сендіріп бақты. Сарбаздар үшін барлық жағдай жасалған дейді. Тіпті, жаңа бұйрыққа сәйкес, жауынгерлерге ұялы телефон ұстауға болмайды деген тыйым алынып тасталыпты.

“Жеке уақыт дейді ғой. Кешкі уақытта 1 сағат, 1 жарым сағаттай телефондарын алып, звондайды. Бұрын болып еді, сыпырып алып, сейфке тығып қойып. Күнде алады”, – дейді ҚР ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдару жұмыстары департаментінің басшысы Мүслім Дайыров.

Биыл көктемде 16 мың бозбала қарулы күштер қатарын толтырмақ екен. Бұл – барлық әскери қызметкердің 30 пайызына тең. Министрлік өкілдері мерзімдік борышын өтеуден бас тартып, бірыңғай келісім шарт бойынша жауынгер жинауға әлі ерте деп отыр. Өйткені, жұмылдыруға қажетті азаматтар санын көбейтуді президенттің өзі тапсырған.

0 пікір
Мұрағат