Қазақстандықтар үшін шетелдік жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр
Қазақстандықтар үшін шетелдік жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр
7 жыл бұрын 3454 24.kz

Халықаралық бағдарламалар орталығы Қытай, Түркия, Латвия, Украина мен Мажарстан сынды бірқатар мемлекетпен тиісті келісімге келді. Биыл бөлінетін гранттың саны да артты. Тәуелсіздік жылдарында еліміз шет мемлекеттермен білім саласында 150-ден аса келісімге қол жеткізді. Осылайша ынталы жастар әлемнің озық оқу орындарында тегін білім алды. «Болашақ» бағдарламасынан бөлек, халықаралық жобалар аясында да грант бөлінді. Биыл тиісті келісім орнаған елдердің тізімі кеңейіп, стипендияның саны артты.

Айгүл Тасқожина – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ департамент директоры:

– Әлем бойынша мыңнан аса стипендиялық бағдарлама бар. Тегін білім алуға мүмкіндік жасайтын ірі халықаралық қорлар баршаға мәлім. Алайда өнер адамдары мен инженерлер, менеджерлер сынды арнайы салаларға бөлінетін шағын гранттарды көбі біле бермейді. Бірақ, осындай жобалардың аясында оқуға түсу жеңілірек.

Осындай мүмкіндікті қалт жібермей пайдаланғандардың бірі Жандос Амантаев. Ол білімін шыңдауды жөн санап, магистратураны Германияда тегін оқыды.

Жандос Амантаев – кәсіпкер:

– Шетелде білім алу үшін елден ерекше қасиетке ие болудың қажеті жоқ. Бастысы ерік-жігеріңіз болса болды. Әрине мамандықты жүрек қалауыңызбен қалап, бар ынтаңызбен оқысаңыз, сіз өз ісіңіздің шебері атанасыз.

Жандос сынды жастарға қол ұшын беру үшін биыл халықаралық бағдарламалар орталығында арнайы департамент ашылды. Онда мамандар стипендиялық жобалар жөнінде кеңінен ақпарат береді.

Айгүл Тасқожина – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ департамент директоры:

– Біздің орталық шетелдік жоғарғы оқу орындарымен талай жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Біз мамандық түріне қарай, қай жерде білім алу керектігін жақсы білеміз. Осылайша Болашақ бағдарламасын басқарып қана қоймай, өзге де жобаларды қолға алдық. Қазақстандық жастардың әлемдік озық оқу орындарында сапалы білім алуына мүмкіндік жасап отырмыз.

Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департаменттің ашылғанына небәрі 2 айдан аса уақыт өтті. Осы аралықта мамандар бірқатар мектеп бітірушілеріне таңдау жасауға көмектесті. Енді орталық білім алуға тегін грант бөлетін шетелдік оқу орындардың санын арттыруды мақсат етіп отыр.

0 пікір
Мұрағат