Таразда жұма намазға жиналған жұрт жергілікті тәртіп сақшыларымен жанжалдасып қалды
Таразда жұма намазға жиналған жұрт жергілікті тәртіп сақшыларымен жанжалдасып қалды
8 жыл бұрын 6084 stan.kz

Таразда жұма намазға жиналған жұрт жергілікті тәртіп сақшыларымен жанжалдасып қалды. Жамағаттың жаппай наразылық танытуына әмбебап полициясының әрекеті себеп. Олардың айтуынша, шен таққандар еш ескертусіз мешіт маңындағы көліктердің нөмірін шешіп алған.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Таразда жұма намаздың соңы жаппай наразылыққа жалғасты. Себеп, жамағаттың құлшылық етуге ішке енген сәтін күткен тәртіп сақшылары келген көлік нөмірлерін тып-типыл етіп теріп кеткен дейді көпшілік.

«Жұма намаздан шықтық. Болды, нөмірімізді шешіп алды», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Рүстем Батырбеков.

- Не үшін? Мына жерде тұрғанымыз үшін.

- Қанша адамның нөмірін шешіп алды?

– Шамамен 50-60 адамдікін шығар.

Шен таққандардың бұл әрекеті көптің ашуын келтірді. Әдеттегінше алаңсыз Алла үйіне ағылған ел дәл бүгін құзырлы орган қызметкерлерінің ерекше заңқой бола қалғанына өкпелі. "Болмаса, бұған дейін де осы маңға көліктерімізді қойып келдік" дейді. Бірақ, бүгін жұрттың жол жиегіне көліктерін қоюы тәртіп сақшыларына жақпай қалыпты.

«Қалай айтсақ та ол заңға қарама-қайшы. Жолдың бойына қойған. Сондықтан, бүгін біз сендерді тек ескертеміз. Негізі имамға да айтқанбыз. Уағыз кезінде айтыңызшы деп», – дейді Тараз қаласы ІІБ ЖПП батальоны командирінің орынбасары Уәлихан Сексенбаев.

Осылайша көптің мысы басса керек өз қолымен жапай жинаған жүзге жуық көлік нөмірін полицейлер кері қайтаруларына тура келді.

Бұл маңда көлік аяңдатуға тыйым салар белгі жоқ. Бірақ, полиция оның қажеті де шамалы дейді. Өйткені, жол жиегіне көлік қою онсыз да заңға томпақ дейді. Бірақ, бір қызығы бұған дейін көз жұма қарап келіпті. Тұрғындарды тулатқан да, ашуын келтіріп шулатқан да сол тәртіп сақшылары төтеннен келіп ешкімге тіс жармай ел ішке енгенде нөмірлерін жинап алуы. Ең болмағанда ескерту керек еді деп шуласты.

0 пікір
Мұрағат