Талдықорғанда сынған әйнек қайтадан кәдеге жаратылады
Талдықорғанда сынған әйнек қайтадан кәдеге жаратылады
2 сағат бұрын 33 24.kz Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Талдықорғанда сынған әйнектерден шыны талшықтары шығарылады. Бұл жайында 24.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 

Өнімге ішкі нарықтан бөлек көрші елдерден сұраныс бар. Кәсіпкер қоқысқа тасталған өнімнен табыс тауып қоймай, экологияны жақсартуға да үлес қосып жүр. Әйнектер ұсақталып, жуылған соң 1300 градуста қыздырылады. Балқыған шыны сүзгіден өткізіліп, арнайы қоспа қосылады. Отқа салсаң жанбайтын, шірімейтін, үзілмейтін жіп алынады.

Даниил Ким, кәсіпорын директоры: - Біздің өнім құрылыс саласында көп қолданылады. Бетон, кірпіш құйғанда арасына қосады. Тор тоқып, арматура әзірленеді. Тоқ өткізбейтін қасиетіне қарай энергетиктер де алады. Экологиялық таза өнімге Алматы, Шымкент, Тараздағы өндіріс орындарымен ресейліктер тапсырыс береді. 

Кәсіпорында 7 адам еңбек етеді. Олар күніне 300 келі жіп шығарады. Оны  турайтын және өзге де құрылғылар «Кәсіпкерлікті дамыту» жобасымен берілген 5 млн теңге грантқа сатып алынды. Өндірісін өркендетем деушілер үшін биыл республика бюджетінен 7 млрд астам теңге бөлінді.

Асхат Кәрібаев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы: - 9 айдың қорытындысы бойынша 369 жоба қаржылық қолдау көрсетілді. Оның ішінде 249 жоба субсидияланды, 118 жоба кепілдік берілді. Сонымен қатар, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша екі жоба қаржылық қолдау (50,2 млн теңге)  алды. 

Жетісу облысында 60 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Олардың көбі ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және өнім өңдеу саласын қамтиды. Мамандардың айтуынша, бизнес субъектілерінің өңірлік өнімдегі үлесі 33 пайызға жеткен.   

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

 

0 пікір
Мұрағат