Смартфондағы цифрлық документтер сервисінде тағы бір құжат пайда болды
Смартфондағы цифрлық документтер сервисінде тағы бір құжат пайда болды
2 жыл бұрын 880 inform.kz Жанат Қапалбаева

Азаматтардың құжаттарын (жеке куәлік, паспорт, жүргізуші куәлігі және т. б.), оның отбасын (неке туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі) қамтитын цифрлық құжаттар сервисіне тағы бір құжат қосылды. Енді әр азаматқа көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисі қолжетімді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл сервис ҚР Цифрлық даму министрлігі, ҚР Ұлттық банкі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ үйлесімді жұмысының арқасында іске асты.

Сақтандыру полисі – көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырудың міндетті түрі бойынша сақтандырушы мен сақтанушы арасындағы шарттық қатынастың дерегін растайтын құжат.

«Басқа цифрлық құжаттармен ұқсастығы бойынша «сақтандыру полисі» қағаз құжатпен қатар заңды күшіне ие және сақтандыру компаниясы, сақтандыру полисінің мерзімі және басқа ақпаратты қамтиды. Осы цифрлық құжаттағы бүкіл мәлімет «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ ақпарат жүйесімен интеграциялық өзара іс-қимыл арқылы көрсетіледі. Министрлік халыққа ыңғайлы болу үшін құжаттарды цифрландыру жұмысын жалғастырады», - деп атап өтті Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Бұл цифрлық құжат азаматтарға өз құжатын мобильді қосымша арқылы электрондық форматта көруге, сондай-ақ оның дұрыстығын тексеруге мүмкіндік береді.

Сақтандыру полисінің болуы немесе болмауы туралы ақпарат міндетті сақтандыру туралы заңның талаптарын, атап айтқанда, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін орындау үшін, сондай-ақ азаматты сақтандыру шартының аяқталу мерзімін бақылау және өзге де мақсаттар үшін пайдалану үшін қажет.

0 пікір
Мұрағат