Шетелге шығатын Қазақстан азаматтары үшін мобильді қосымша жасалады
Шетелге шығатын Қазақстан азаматтары үшін мобильді қосымша жасалады
7 жыл бұрын 3158 Дәурен Ерболат

ҚР Сыртқы істер министрлігі алдағы уақытта шетелге шығатын азаматтар үшін арнайы мобильді қосымша шығармақ. Қосымша шетелде оқыс оқиға болған жағдайда қажет болуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Мен шетелге шығатын азаматтарға айтарым, өздеріңізбен бірге Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің контактілерін ала жүріңіздер. Сыртқы істер министрлігі қазіргі таңда шетелге шығатын Қазақстан азаматтары үшін арнайы мобильді қосымша дайындап жатыр. Оны алдағы уақытта таныстырамыз. Бұл мобилді қосымша шетелде оқыс оқиға болған жағдайда және т.б. жағдайлар үшін қажет», - деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Түркияда апатқа ұшыраған азаматтар елге азаматтық авация ұшағымен ұшып келетінін айтқан.

Ал бүгін таңертең ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой журналистерге Түркияда жол апатына ұшыраған 3 азаматтың жағдайы нашар екенін хабарлады. Оның сөзінше, олар бүгін кешкі сағат 22:25-де санавиация ұшағымен Астанадағы травматология және ортепедия ҒЗИ мен Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізіледі.

Еске сала кетейік, Түркияға Қазақстаннан демалуға барған жеті адам жантүршігерлік жол апатына ұшыраған болатын. Жол-көлік оқиғасынан төрт түрік азаматы қаза тауып, ал қазақстандықтар түрлі дәрежеде жарақат алған. ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов Анталияда апатқа ұшыраған қазақстандықтардың сақтандыру полисі болмағанын мәлімдеді.

0 пікір
Мұрағат