Шет елдің нөмірі бар көліктерді онлайн әрі тегін тіркеу жүйесі іске қосылады
|
ҚР Ішкі істер министрлігі нөмірі бөтен елге тиесілі көліктерді онлайн түрде тіркеу жүйесін жолға қояды. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, күн сайын ішкі істер органдары шетелдік тіркеудегі көлік құралдары иелерінің қатысуымен болатын жүздеген жол-көлік оқиғасын тіркейді. Мұндай жол апаттарының арты өлімге де апарып жатады.
"2018 жылы ғана шетелдік тіркеудегі көліктердің қатысуымен 42 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, осы жылдың басынан бері 50 мың жағдай орын алды, - делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, Ақтөбе облысында осыған ұқсас жағдай болған. Нақтырақ айтқанда, Армения мемлекеттің нөмірлі минивэн жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол шетіне аунап кеткен. Апат салдарынан бір адам көз жұмып, жеті адам әртүрлі жарақат алған. Жүргізушінің өзін жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға жеткізген.
Сол секілді Алматы облысындағы «Алматы-Бішкек» автожолында Қырғыз Республикасында тіркелген көлікті айдап келе жатқан жүргізуші жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп, қарсы келген көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан үш адам қайтыс болып, жетеуі ауруханаға жеткізілген.
"ІІМ-нің ақпараттық базасында бұл көліктер туралы мәлімет жоқ болғандықтан, өкінішке қарай жол апатының айыпкерін жедел жауапкершілікке тарту мүмкін болмай жатады. Осыған байланысты, біздің елде пайдалану мерзімі ұзартылған жағдайда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде тіркелген көліктерді міндетті уақытша тіркеу мәселесі жолға қойылмақ. Бұл жерде аталған көлік құралдарын біржолата пайдалануға тыйым салу немесе қандай да бір шектеу қою, салық төлету туралы айтылып тұрған жоқ. Мәселе уақытша тіркеуге байланысты. Автокөлік иелері көліктерін онлайн түрде тегін тіркете алады", - делінген хабарламада.
Осылайша, шетелдік көліктерді тіркеу арқылы жол-көлік оқиғасы болған жағдайда автоматты жүйе арқылы тануға болады. Одан ары ереже немесе заң бұзушыны әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға жол ашылады.