Шерхановтар әулеті жарты ғасырдан астам уақыт сағат жөндеумен айналысады (видео)
|
Әдетте сағат тақпайтын адам бақытты деп саналады. Дегенмен бүгінгі күйбең тіршілік оны таққызбай қоймайды. Әсіресе бұл ұқыптылықпен керек жерге кешікпеу үшін қажет. Ал Алматыда осы сағаттарды жарты ғасырдан астам уақыт жөндеумен айналысып келе жатқан Шерхановтар әулеті тұрады. Үлкен отбасы үшін бұл – жай күнкөріс көзі ғана емес, сүйікті ісі. Шеберлік атадан балаға мирас болып, бүгінде Шерхановтардың төртінші ұрпағы қала тұрғындарының істен шыққан сағаттарына қайта жан бітіріп келеді. Бас-аяғы бұл әулетте 40-тан астам шебер бар. Шерхановтарды Алматы тұрғындарының көбісі таниды. Әсіресе үлкендер жағы шеберлердің көмегіне көп жылдар бойы жүгініп келеді. Тіпті тұрғылықты жерін ауыстырса да, ерінбей арнайы іздеп келетіндер де бар. Гүлбаршын Сәрсекеева, қала тұрғыны -15 жылдай осы кісілерге келіп жүрмін. Үйдегі сағаттарымның бәрін жөндейді. Ең бірінші сағат жөндеу ісін бұл әулетте Шерхан ата қолға алыпты. Сосын ұлы Әбдірашидке үйретіп, ол өзінің 10 баласын баулыған. Солардың бірі – Абдулатиф Шерханов. Оның бұзылған механизмдерді ретке келтіріп, сағаттарды жөндеп жүргеніне 45 жылдан асқан. Абдулатиф Шерханов, шебер -Біздің папамыз: Балам, сағат жасап үйренсеңдер, ешқашан аш қалмайсыңдар деп айтатын еді. Тоқсаныншы жылдары перестройка болып кеткенде, жұмыс болмай кетті. Сонда біздің жұмысымыз болды. Жұмыс істеп тұрдық. Абдулатиф шебердің әкесі – өз өмірінде 500 мыңнан астам сағат жөндеп, есімі Гиннес рекордтар кітабына енген жан. Бүгінде қызы Мавлюда әкесінің жетістігін қайталамақ ниетте. Осыған дейін оның қолынан 270 мыңға тарта механизм өткен. Мавлюда Шерханова, шебер -Папам Қонаевтың сағатын жасаған, Брежневтің хронометрін жасаған. Балаларының бәріне өз өнерін үйретті. Бір адамдардың сағаттарын бір-екі күн жасайсыз. Бір адамның сағатын жарты күнде жасайсыз. Адам жақсы, көңілі түзу адам болса, сағаты өте жақсы жасалып кетеді. Қырсық адам болса, қырсық болып кете береді. Мавлюда апай – Президентпен кездесіп, марапат алғандардың бірі. Оның ұлы Ділмұрат та сағат жөндейді. Бүгінде Шерхановтар еліміздегі шеберлердің ең үлкен әулеті ретінде Қазақстан рекордтар кітабына енген.