Шағын және орта бизнеске салынатын салық неге көтеріледі?
Шағын және орта бизнеске салынатын салық неге көтеріледі?
8 жыл бұрын 4985 7kun.kz

ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қазақстандағы салық көтеру туралы мәселе көтерді. Бұл шағын және орта бизнес үшін қаншалықты тиімді және өз мақсатын орындай ма? 

«Бүгінде қазақстандық кәсіпорындарың үштен бірі, оның ішінде, шағын және орта бизнес объектілері қосымша құн салығына қатысты салықтық үстемелерді төлемейді, табысы мен шығынының толық есебін жүргізбейді. Тиісінше, елдегі салықтық жүктемелер барлығын бірдей бөлінбеген. Ірі кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтап, барлық салық түрлерін төлеп отыр. Қиын уақытта әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, жұмыс орындарын қысқартпайды. Сондай-ақ, төмендетілген баға бойынша ішкі нарыққа белгілі бір тауар және қызмет түрін тасымалдайды. Бірақ, оларға түсетін салықтық жүктеме үлкен және ұжымдық табыс салығының бекітілген деңгейінен бірнеше рет асып түседі», — деді министр депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің сөзінен түсінгеніміздей, еліміздегі кәсіпорындардың бір бөлігі толықтай салық төлегенімен, өзгелері өз табысын бюджетпен бөлісуге асыға қоймайды.

«Бірақ, барлығы да тегін білім беру, денсаулық сақтау деген сияқты мемлекет ұсынып отырған қызметтерді пайдаланады. Сондықтан, біз бұл жүйеге өзгеріс енгізгіміз келеді. Салықты тек толыққанды режимде жұмыс істеп отырғандар ғана емес, жеңілдетілген режимдегілер де төлеуі қажет», — деп атап өтті ұлттық экономика министрлігінің басшысы.

Министрдің сөзінше, ҚҚС (қосымша құн салығы) салығының көлемін жылдан-жылға азайтып, сол арқылы барлық кәсіпкерлерге оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдеріне төлеуге де міндеттемек. Осы арқылы көлеңкелі экономикамен күрес жүргізілмек.

Қазіргі жағдайда шағын және орта бизнес үшін бұл қаншалықты әсер етеді?

2-16Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, бірінші кезекте кері ықпал жүреді. Кәсіпкерлер үшін салық мөлшерін көбейту іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеліп соғады.

«Экономикадағы Ласер принципі бойынша, кәсіпкерге салынатын салық көлемі оның табысының 50 пайызынан аспауы қажет. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Швейцарияда бұл көрсеткіш 25 пайыздан аспауы тиіс деген талап қойылған. Басты мақсаты — іскерлік белсенділікті қолдау. Олардың іскерлік белсенділігі, табысы жоғары болғандықтан салық төлеу де жеңіл болады. Ал қазір бізде тұтынушылар тарапынан сұраныс төмендеген, адамдар артық ақшаны жұмсаудың орнына жинауға тырысады. Яғни, кәсіпкерлердің де табысы азайып жатыр. Бұл жағдайда салық мөлшерін көбейту олар үшін тіпті қиын болады», — дейді экономист.

Дегенмен, салық төлеуде ірі компаниялардың ролі басымырақ екендігіне келісетіндігін айтады. Бірақ, қазір шағын және орта бизнес үшін салықты көтере қоятындай уақыт емес дейді ол. «Шағын және орта бизнеске арнап жеңілдетілген режим енгізген еді. Ол кәсіпкерлер үшін, кәсіпкерлікті бастаймын деген азаматтар үшін ол тіпті жақсы еді. Бірақ, бізде шағын және орта бизнес әлі толықтай дами қойған жоқ. Халықта кәсіпкерлік, іскерлік деген түсініктің өзі әлі толық қалыптасқан жоқ. Дегенмен,  адамдар кәсіппен айналысуға қызығушылық танытып жатқандағ мұндай қадам тежегіш фактор болады», — дейді ол.

Бірақ, оның сөзінше, ҚҚС-ның шетелден келіп отырған импорттық тауарларға салынғаны дұрыс.  Себебі, бізге отандық өнімді, отандық өндірісті қолдау қажет.

Аталған жағдайлар алақандағыдай түсінікті болғанымен, үкімет неге мұндай қадамға барып отыр? Мақсат Халықтың түсіндіруінше, бюджет тапшылығы. Соңғы жылдары бюджет тапшылығы Ұлттық қор арқылы қаржылындарылып келді. Бірақ, президент енді қорға тиіспеу туралы тапсырма берді. Яғни, бюджет тапшылығын жоюдың басқа жолдарын қарастыру қажет. «Бюджеттің 80 пайызы салықтан құралғандықтан, осындай шешім қабылданып отыр. Бірақ, қазіргі дағдарыста салықтың кәсіпкерлер үшін төмен болуы керек. Біздегі экономикада ілгерілеу жоқ, бір орнында тұр. Осы жылғы ЖІӨ өсімі тек 0,4%-ды құрады. Салықты көтеретін болсақ, біз одан сайын тежегіш күшке айналамыз», — деп атап ол.

0 пікір
Мұрағат