Семейде тегін дүкен ашылды
Семейде тегін дүкен ашылды
9 жыл бұрын 3157

Семейде тегін дүкен ашылды. Онда сатып алған заттардың ақшасын төлемеуге болады, - деп хабарлайды Теngrinews.kz тілшісі.

Енді Семей тұрғындары өздеріне ұнаған затты сатып алып, "рахмет" сөзі арқылы заттың ақысын төлей алады. Дегенмен мұндай мүмкіндікке тек аз қамтылған отбасы мүшелері, көп балалы отбасы және жетім балалар ие болып отыр. Ерекше сауда нысанын Семей әкімдігі жанындағы қоғамдық ұйым өкілдері ашқан.

"Бізге кәсіпкерлер, Іскер әйелдер ассоциациясы, "Исток" қоғамдық бірлестігі, "Отбасы орталығы" қоры қолдау білдірді. Қазір әрбір адамда пайдаланбайтын заттар бар. Ал осы заттар басқа адамдарға қатты керек болуы мүмкін. Біз сол заттарды осы дүкенге әкелеміз, ал сол затқа мұқтаж адам оны "рахмет" айтып алып кете береді", - деді Семей әкімінің орынбасары Надежда Шарова.

Қала бойынша осындай тағы үш дүкен ашу жоспарланып отыр. Мұнда азаматтардан тұрмыстық заттардан бастап балалар киіміне дейін қабылданады. Дегенмен әкелінген заттар іріктеледі. Қайырымдылық акциясын ұйымдастырушылар сатып алушыларға қатты керек заттарды ғана алады.

"Заттар өте таза болу керек. Тазалыққа мән береміз. Сәннен шыққан жаңа киім де, көнесі де қабылданады. Балалар киімін немесе ересектерге арналған киім әкелуге болады. Кейбір заттарды бізге кәсіпкерлер беруі мүмкін", - деді Семейдегі Іскер әйелдер ассоциациясының төрағасы Айнұр Арғынбекова.

 

0 пікір
Мұрағат