Бүгін Семей халқы белгілі жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, әйгілі абайтанушы Төкен Ибрагимовпен қоштасты. Қазақ әдебиетінің қара нарындай болған қария 24 қараша күні 78 жасында дүниеден өткен болатын, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Семей халқы әйгілі абайтанушымен қоштасты
|
Төкен Смайылұлы Ибрагимов бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы «Жаңа несіп» колхозының Кезеңшілік деген жерінде 1939 жылы дүниеге келген.
1958 жылы Алматыдағы КАЗПИ-дің тарих-филология факультетіне түсіп, оны 1964 жылы аяқтаған.
Болашақ қаламгер өзінің еңбек жолын қарапайым ауыл жұмыстарынан бастаған.
1996 жылы Төкен Ибрагимовқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы беріліп, 1998 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайлы зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал қаламгер «Өлең өрісі» (1979 ж.), 1999 жылы «Оймен оңаша» атты поэзиясы, «Индираға хат», «Толқын толғау» (2001 ж.) монографиясының, «Сағыныш», «Қара бұзау», «Сары құс» әңгімелерінің, «Жаза» операсының либреттосы т.б. екі жүзден астам әдеби-сын, әдеби зерттеу, абайтану еңбектерінің авторы.
Алыптардың соңғы тұяғындай болған үлкен жүректі ғалымның туған-туыстарына, күллі қазақ халқына Ислам.кз редакциясы ұжымы көңіл айтады. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын. Алланың рақымы мен Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) шапағаты тисін.