Саясаттанушы Ерлан Қарин терроризммен күрестің ең тиімді жолын атады
|
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Ерлан Қарин Алматыда кеше, 18 шілдеде болған атысқа байланысты өткен ОКҚ брифингінде терроризммен күрестің басты алғышартын атады, - деп хабарлайды "Tengrinews.kz" ақпарат көзінің тілшісі.
"Кішігірім топтар мен жекелеген қылмыскерлердің шабуылдары ұйымдасқан топтардың әрекетінен әлдеқайда қиынға соғып жатыр. Мәселен Францияның Ниццасында жалғыз адамның немесе АҚШ-тағы Орландодағы атқыштың әрекеті көп адамның қазасына әкеп соқты. Оның алдындағы оқиғаларды еске алып көрсек, кішігірім топтар мен жекелеген адамдардың шабуылы қиынға соғады", - деді ол тілшілердің "Неліктен Алматыда жалғыз адам осыншалықты шу шығарды?" деген сұрағына берген жауабында.
Сонымен қатар, Қариннің айтуынша, терроризммен күрестің басты алғышарты - жалпы қылмыспен жүйелі түрде күресу. "Мұны мен зерттеулерден білдім. Лаңкестер құқық қорғау органдарының назарына кездейсоқ түседі. Мәселен қару-жарақ, ақша жинау барысындағы қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде кездейсоқ түрде лаңкестік әрекеттердің белгілері назарға түсетін болған. Сондықтан, менің ойымша, қатардағы, қарапайым қылмыстардың алдын алсақ, терроризммен тиімді күрес жүргізген болар едік", - деді ол.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Қазіргі уақытта Алматыда "Жедел ұстау" арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері, бір шекарашы және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Сонымен қатар, Алматыда террорлық қауіптің "қызыл деңгейі" жарияланып, кейін бұл режим алып тасталды. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың өкілдері қаладағы шабуылдарды бір ғана адамның жасағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында кеше Алматыда болған атысты теракт деп атаған болатын.
Алматыда болған оқиғаға байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көптеген қауесет таралды. Мысалы "Жұлдыз" ықшамауданында және Қапшағайдағы әскери бөлімге шабуыл жасалды деген ақпараттар расталмады. Осы орайда, Президент дүрбелең туғызатын қауесеттердің жолын кесіп, арандатушыларды анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, алматылық атқыштың терактіге дейін адам өлтіргендігі анықталды. ІІМ басшысының айтуынша, күдікті жезөкшені өлтірген. Бұрындары екі рет сотталған 1990 жылғы Руслан Күлікбаев құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кек алғысы келген.