Ресеймен меморандум: Қатерге бас тігу ме, цифрландыруды дамыту ма?
Ресеймен меморандум: Қатерге бас тігу ме, цифрландыруды дамыту ма?
3 жыл бұрын 1732 qamshy.kz

Премьер-министр Асқар Мамин мен ресейлік СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф Қазақстанның цифрлық трансформациясы, цифрландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаныы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көптеген азаматтардың наразылығын тудыруда.

Не істелгелі жатыр?

3 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен бейнеконференция форматында өткен Шығыс экономикалық форумы барысында Асқар Мамин мен Герман Греф жоғарыда аталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаны белгілі болды. 

Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан ақпараттық хабарламада құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау және жасанды зерде бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтастықты дамытудың негізгі тәсілдерін көздейтіні жазылған. 

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сенімінің белгісін тағы бір айқындай түсетінін, стратегиялық жобаны іске асыру Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес ахуалды жақсартуға ықпал ететінін айтты.

Жоба аясында цифрлық трасформация жобаларын жүзеге асыру барысында цифрландырудың платформалық моделіне көшу, Data-Driven Government тұжырымдамасын жасақтау көзделген. Data-Driven Government (деректер негізіндегі үкімет) тұжырымдамасы тексерілген деректі, сараптаманы, негізі бар сенімді болжамдарды басшылыққа ала отырып мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді қабылдау түсінігін білдіреді.

Бір сөзбен айтқанда6 Data-Driven Government тұжырымдамасы қолданыстағы eGov үкіметтік порталын алмастыратын болады.

EGov-ты ауыстыру қажеттілігі қайдан шықты?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кеше СБЕР компаниясымен жасалған меморандум, оның аясында не істелгелі жатқанына, меморандум шарттарына байланысты тікелей эфирге шықты.

Министр Қазақстанның электрондық үкімет порталында мәселе жеткілікті екенін, жүйе кемеліне келіп тұрмағанын айтты. Сөзінше, Еgov порталы электрондық анықтамалар өтінімдерін қабылдауды ғана жүргізеді де өтінімді өңдеу мен әзірлеуді мемлекеттік қызметтерге жауапты мемлекеттік органдар жүзеге асырады. 

Ол қазіргі таңда министрлік мемлекеттік органдардағы инфрақұрылым мен ақпараттық жүйені тексеріп жатқанын, 400-ден астам қызметте интеграция кезінде қиындық туындап, жұмысында кідіріс байқалғанын жеткізді.

Бағдат Мусин ресейлік компания платформасын пайдалану арқылы осы 400-ден астам қызметті бір жерге жинау көзделіп отырғанын айтты. 

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин электрондық үкімет компонеттеріне жүргізілген анализ төмендегідей олқылықтың барын анықтағанын жеткізген.

- Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің орталықтандырылған мониторгінің жоқ болуы;

- Мемлекеттік қызметті алуға өтініш қалдыру, оның орындалу барысы мен нәтижесін түрлі канал арқылы бақылу мүмкіндігінің жоғы;

- Түрлі каналдар арқылы мемлекеттік қызмет алу процесінің жүзеге асу барысы бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін;

- Қолданылған мемқызмет тізімі түрлі каналдарда бірізді емес;

- Азаматтардың жүгіну тарихы туралы орталықтандырылған ақпарат жоқ.

Мигистр Ресеймен бірлесіп жүзеге асқалы отырған жоба электрондық платформа емес, кешенді қызметтердің басын біріктіретін бағдарламалық өнім екенін айтты. Ол платформалық модельге өту сервисті жүзеге асыру мерзімінің тиімділігін арттырып, интеграция мәселелерін шешуге көмектеседі деген пікірде.

Сондай-ақ, ол платформа ақпараттық тұрғыда толықтай қауіпсіз екенін, платформа ресейлік болғанымен, деректер жинақталған серверлер Қазақстанда болатынын, ондағы деректерді СБЕР компаниясы Қазақстан үкіметінің рұхсатынсыз пайдалана алмайтынына сендіруге тырысты.

Отандық IT мамандар бұған не дейді?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитеті Болат Бәшеев ресейлік компаниямен IT саласында ынтымақтастық болатыны туралы әңгіме шыққан сәуір айынан бері жобаға ашық қарсылығын білдіріп, отандық салаға шетелдік ойыншының келгелі жатқанының дұрыс еместігін жеткізіп келеді.

Ол Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкімет дамуы рейтингінде 193 елдің ішінде 29-орында, онлайн қызмет сапасы бойынша 11-орында екенін еске салып, бұл саланы дамыту қазақстандық мамандардың да қолынан келетінін айтады. Ал барлық мемлекеттік онлайн қызмет пен үлкен деректер сеніп тапсырылғалы отырған Ресей бұл рейтингте 36-орынға жайғасқан. 

– Бұл нәтижеге отандық IT мамандардың арқасында қол жеткізілді. Қазақстан eGov әлемінде ТМД елдерінің көшбасшысы. Әрине, бұл салада мәселе баршылық, бірақ ол бәрімізге мәлім әрі оны отандық IT нарықты жұмылдыру арқылы шешуге болады. Оны шетелдік компания күшімен жасаудын мәні жоқ, – дейді Болат Бәшеев. 

Ол 2021 жылғы мамырда президент әкімшілігіне, қауіпсіздік кеңесіне 7 ІТ қауымдастық үндеу жолдағанын, аталған органдардан жоғары инстанция жоқ болғандықтан жүгінер жер қалмағанын мәлім етті.

Үндеуде СБЕР компаниясының «ГосТех» деп аталатын платформасы әлі жасалмағанын, компания оның жасалатыны туралы 2020 жылғы 30 қарашада ғана хабарлағанын мәлімделген. Яғни, Қазақстан базалық негізі енді жасалып жатқан платформаны сатып алмақ. 

«Мәселе, платформаны таңдаумен бітпейді. Алда бизнес процестерге анализдеу мен реинженеринг жасау ісі тұр. Қолданыстағы «электрондық үкімет» инфрақұрылымын СБЕР ұсынып отырған платформаға көшіру үшін бірнеше жыл қажет. Үкімет бастамасы «электрондық үкімет» инфрақұрылымының функционалдық сенімділігіне жасалған анализге сүйенбеген. Отандық ІТ сала мамандарының бірнеше жылдық тәжірибесін ескермейді. Дамыған елдердегі электрондық үкімет инфрақұрылымын жасау тәсілімен салыстырмалы сараптама жүргізілген жоқ» делінген мамандар үндеуінде. 

Сарапшылар платформаны ауыстыруда 2006 жылғы жағдайға дейін түсіп кету қаупін жоққа шығармайды.

Сондай-ақ сарапшылар қолданыстағы «электрондық үкімет» инфрақұрылымы дамытуды қажет екенін жасырмай, ол үшін тиісті заңдық нормалар, нормативтік актілер қабылдануы керектігіне назар аударды. Жағдайды жақсарту – мәселені ақыл таразысына салып, кезең-кезеңмен, біртіндеп модернизациялау жолымен ғана мүмкін екенін айтады. Сөздерінше, бұл іс – отандық мамандардың қолынан келеді. 

«Электрондық үкімет» инфрақұрылымын шетелдік күштерді жұмылдыру арқылы ауыстыру бастамасының ешқандай негізі жоқ. Қомақты қаржы шетел асып кетуі мүмкін. Қаражат өз елімізде жаратылмағандықтан, өз елінде сұраныс болмағандықтан мұның арты ІТ мамандардың шетелге жылыстауына, цифрлық егемендік, ақпараттық қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Платформа жасаушыларына деген тәуелділікті тудырады. Бұл, тіпті, елдің ІТ саласына үлкен соққы болып, оның дамуын бірнеше жылға тежейді деп санамыз» дейді мамандар. 

Сарапшылар СБЕР компаниясын жұмылдыру отандық технология саласына ғана қатысты шешім емес, мемлекеттік маңызы бар шешім екеніне назар аударып, мұның ел болашағына әсері орасан болатынын айтады. 

«Электрондық үкіметті Ресей қарамағына беру – өз үкіметімізді Ресей қарамағына бере салу деген сөз»

IT маман Садық Шерімбек цифрлых технология бойынша Қазақстан Ресеймен интеграцияланатындай ешқақандай қажеттілік жоқ деген пікірде. 

– Әлеуметтік секторда болсын, жеке, банк, бизнес секторында болсын Ресеймен интеграциялануға түбегейлі қарсымын. Ресейдің электрондық үкімет ққызметін қалай іске асырып отырғанымен жақсы таныспын. Бұл салададағы жұмыстары өте сәтсіз. Қазіргі таңда біз 2010 жылдары өтіп кеткен процестерді үйреніп, қолданысқа енгізіп жатқан жағдайы бар. Мемлекеттік сатып алу жүйесін айтудың өзі артық. Ал Қазақстанның EGov жүйесі жылдан жылға өте жақсы дамып келе жатыр. Портал орта есепті азаматтың кез келген қажетін өтеп отыр. ТМД елдері арасында Қазақстан электрондық үкімет, мемлекеттік сатып алу, онлайн оқуды ұйымдастыру, салық төлеу, банк қызметтері бойынша ең үздік болып отыр. Технологиялық даму индексі бойынша Қазақстан Ресейде кемі 15 қадамға жоғары тұр. Олай болса, неліктен біз олардың «ГосТех» платформасын алуымыз керек. Бұл жоба жайлы орыс мамандардың өздері дұрыс әңгіме айтпайды. Бұл жоба жабық код жағдайында дамып жатыр. Еш ашықтық жоқ. Қалай жұмыс істейтіні түсініксіз, – дейді сарапшы. 

Садық Шерімбек «ГосТех» платформасына өту мемлекеттік қызметті беру саласында белгілі бір деңгейде хаос тудыратынын айтып, Қазақстан жеке стандартын жасауы керек, ресейлік жүйеге байланбауы керек деп санайды.

– Цифрландыруды әлемдік дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі деп қарайтын болсақ, электрондық үкіметті Ресей қарамағына беру деген сөз, өз үкіметімізді Ресей қарамағына бере салу деген сөз, – дейді ол.

«Платформалық модель дұрыс» 

IT маман Ерлан Оспан платформалық модель дұрыс деген пікірде. Ол EGov порталының кемшіліктері жететінін, оны «42500 оқиғасы» айқын көрсеткенін айтады. Сөзінше, Ресей «ГосТех» платформасынсыз 1C:Бухгалтерия, Касперский антивирус бағдарламалары, Yandex іздеу жүйесінің көмегімен-ақ қазақстандықтар туралы деректі жинай алады. 

Маман қоғамның жобаны қолдамай отырғанын, халықтың үкіметке сенбейтінімен байланыстырып, оған қвмбптшылыққа жол беріп, жарылыстардың алдын ала алмайтын биліктің өзі кінәлі екенін айтады.

Сондай-ақ, «мәселенің көтерілуі Ресейдің ақпараттық шабуылы мен өктемдігімен қатар кеп қалып, әңгіме басқа арнаға кетіп қалды. Байзақ трагедиясы да билікке сенім қоса қоймады» деп отыр.

Ал журналист Бэлла Орынбетова министр Бағдат Мусинге сауал жолдап, даулы мәселеге қатысты бірнеше түйіткілге тоқталды.

«- E-gov платформасын қайта жасақтауға неге ашық байқау жарияланбады?

- Мемлекеттік платформаны жасақтау неліктен коммерциялық ұйымға, оның үстіне шетелдік заңды тұлғаға ешқандай конкурссыз беріледі?

- Неліктен таңдау ресейлік Сбербанкке түсті? Бұрын сәтті жүзеге асырған кейсі бар ма?

- Қазақстандық сайттардың серверлері тек Қазақстан Республикасында орналасуы ақпараттық қауіпсіздік мақсатында заңда қатаң айтылған. Ал мемлекеттік қызмет көрсететін платформаны шетелдіктерге жасату ақпараттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндірмей ме?

- ҚР үкіметі мен Сбербанк арасындағы egov-ты жасақтау туралы меморандум неліктен алдын ала талқыланбады. Туғанынан бастап өлгеніне дейін барлық жеке деректер қамтылған egov-қа қатысты шешім қабылдауға ҚР азаматтарының құқы жоқ па? Ок, халықтың IT білімі таяз болса, қазақстандық IT қауымдастығымен неліктен талқыланбады?

- ҚР үкіметі мен Сбербанк арасында egov-ты модернизациялау туралы меморандумның мәтіні қайда?

- Егер Сбербанк egovты 5 жыл жасайтын болса, ол платформаға көшу қанша уақыт алады? Сбербанкке 5 жыл төленетін 500 млн АҚШ доллары қалай есептелді? Техникалық шарттар қайда?» дейді журналист.

Меліс Сейдахметов

Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2015-2019 жылдары «Президент және Халық» газетінде тілші, шеф-редактор болып істеген. 2019 жылдан бері Қамшы порталында қызмет атқарады.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

0 пікір
Мұрағат