Рақымшылық жасау туралы заң қабылданды
|
Бүгін Парламенттің төменгі палатасы Мәжіліс пленарлы отырыс кезінде «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қабылдады.
Baq.kz хабарлағандай, «мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізген болатын. Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Конституция адамдардың өмірін жоғары бағалайды, еркіндігі мен құқығын қорғайды. Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады», — деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, бұл заң жобасы, негізінен, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, жүкті әйелдерді, кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерді, қарт адамдарды, мүгедектерді, сондай-ақ болмашы және ауыр емес қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жазадан босатуды көздейді.