ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшілері тағайындалды
|
Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев ұжымға жаңа кеңесшілер Дүйсенов Арсений Кеңесұлы және Құлекеев Бақытжан Кеңесұлын таныстырды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Арсений Дүйсенов жаңа лауазымда ақпараттық-имидждік жұмыс мәселелері, дін және азаматтық қоғам саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша шаралар, сонымен қатар қоғаммен байланысты қолдауды қадағалайды. Ол осы тағайындауға дейін "Қазақстан" РТРК» Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы филиалдарының директоры, "Қазақстан" РТРК" аймақтық таратуды дамыту дирекциясының директоры қызметін атқарған. Әр жылдары Қызылорда облысы әкімінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз-хатшысы лауазымында болды. Арсений Дүйсенов Қазақстан Бас редакторлар клубының вице-президенті және Халықаралық телевидение және радио академиясының академигі. Сондай-ақ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшісі лауазымына Бақытжан Құлекеев тағайындалды. Ол бұл лауазымда діни сұрақтар және діни ұйымдармен байланыс мәселелерін қадағалайды. Бақытжан Құлекеев осыған дейін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымды қызметін атқарған.