Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
Халал сертификатына ие болған кәсіпорындар
1 ай бұрын 621 halaldamu.kz
АЛМАТЫ ОБЛ.: «PAKNAR» КӘСІПОРНЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Алматы облысындағы «Paknar» кондитерлік өнімдері «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Жанәбіл Жұмабеков өндіріс аумағында аудит шараларын жүргізіп, халал сертификатын табыстады.

Аудит процесі барысында Жанәбіл Жұмабеков өндірістің барлық кезеңдерін тексеріп, өнімнің құрамын, өндіріс процесін және шикізаттардың халал талаптарына сәйкестігін бақылады. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлеріне семинар өткізіліп, халалдың маңыздылығы түсіндірілді.

«QMDB Halal» стандарты бойынша сертификаттау — бұл өнімнің халал талаптарына сәйкес келетініне кепілдік береді. Сертификаттың берілуі «Paknar» компаниясының халал өнімдер нарығында өзін танытуға мүмкіндік беріп, оның брендіне сенім қосады. Сонымен қатар, бұл жаңалық Алматы облысындағы бизнес үшін де оңтайлы әсерін тигізуі мүмкін, себебі халал өнімдерге сұраныс елімізде және халықаралық деңгейде артып келеді», – дейді жергілікті өкіліміз.

«Paknar» кондитерлік өнімдері «QMDB Halal» сертификаты 14.01.2025-13.01.2026 жж аралығында жарамды. Мекен-жайы: Алматы облысы, Тоқпанов ауылы, Бережинский көшесі, 42.

«TABA NAN» ЖӘН «ЭЛЬ-ДЕНИЗ» КӘСІПОРЫНДАРЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ 

Шымкент қаласындағы «Taba Nan» нан өнімдері және Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Манкент ауылында орналасқан «Эль-Дениз» сүт өнімдері сертификатталды. «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Қазбек Сарыбаев кәсіпорын аумағында бақылау-қадағалау шараларын жүргізіп, халал сертификатын табыстады.

Сертификаттау барысында өндіріс орындарының шикізат құрамы, өнім дайындау технологиясы, сақтау шарттары және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігі жан-жақты тексерілді. Барлық талаптарға сай екендігі анықталғаннан кейін, кәсіпорындарға ресми халал сертификаты табысталды.

Сонымен қатар, «Халал Даму» өкілі Қазбек Сарыбаев кәсіпорын қызметкерлеріне халал стандарттарының маңыздылығы, шариғат талаптарына сай өнім өндірудің ерекшеліктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кәсіпорын басшылығы адал өнім өндіруді басты міндет деп санайтындықтарын жеткізіп, алдағы уақытта да халал талаптарын қатаң сақтайтындықтарын атап өтті.

Осылайша, тұтынушылар енді «Taba Nan» және «Эль-Дениз» өнімдерін сенімді түрде пайдалана алады. «Халал Даму» ұжымы кәсіпорындардың халал талаптарына сәйкестігін тұрақты бақылауда ұстайтын болады.

0 пікір
Мұрағат