Индонезияның атеизмге қатынасы қандай екені айтылды
|

Оңтүстік-шығыс Азиядағы осынау елде азаматтар ресми құжаттарда заң бойынша наным-сенімін көрсетуі тиіс. Аталмыш талапқа наразылық білдірген атеистер өздерін осылайша кемсітеді, деп санайды. Бұл жайында islam.kz порталы msn.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өткен айда Индонезияның конституциялық соты атеистер мен дінге сенбейтіндердің құқықтарын қамтамасыз етудегі сирек кездесетін заңды талпынысты жоққа шығарды, дәлірегі, ресми құжаттарда азамат, тіпті, азшылықты құрайтындардың наным-сенімінде болуы керек және некесі өзі ұстанған дінге немесе наным-сенімге сәйкес болуы керек, деген шешім қабылдады. Индонезия әлемдегі мұсылман қарасы ең көп ел. Дегенмен, бұл елде алты дін мемлекет тарапынан ресми танылған: ислам, протестанттық, католиктік, будда, үнділердің наным-сенімі (индуизм) және конфуциялық. Ал азшылықты құрайтын наным-сенімдегілер мен атеистер заң жүзінде мойындалмайды. Бұдан бөлек, бұл елде аталған алты дінге тіл тигізгендер қатаң жазаланады. Мәселен, 2012 жылы Александр Аан есімді мемлекет қызметкері Facebook әлеуметтік желісінде атеистік көзқарасы үшін 30 айға қамалды. Индонезияның қылмыстық кодексінде құдайға тіл тигізгендер мен атеистік көзқарасты таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 2024 жылдың қаңтар айында конституциялық сот ресми танылған алты діннің ещбіріне кірмейтін азшылық топтардағы адамдарға өздерінің жеке куәліктерінде көрсетілмеген «діндарлар» ретінде тіркелуге рұқсат берді.




