7 жасар Мұстафа Құранды жатқа оқу жарысында жеңімпаз атанды (ФОТО)
7 жасар Мұстафа Құранды жатқа оқу жарысында жеңімпаз атанды (ФОТО)
9 жыл бұрын 5175 Baq.kz pavlodarnews.kz

Павлодарда «Ақмешіт» мешітінде Құранды жатқа оқу сайысы өтті.

Бұл - аймағымызда ұйымдастырылған тұңғыш Құран оқу жарысы. Сайысқа 6-30 жас аралығындағы 40 үміткер қатысты.

- Өңірімізде Құранды жатқа оқу жарысы бірінші рет өткізілсе де, қатысушылардың қатары қалың. Бұл жарыста топ жарғандар алдағы қасиетті Рамазан айында өтетін облыстық Құранды жатқа оқу жарысына жолдама алды. Қатысушылардың ішінен болашақта есімдері елге мәшһүр қарилар шығарына сенеміз. Сауапты сайысқа атсалысқан азаматтарға, әсіресе Павлодар ауданына қарасты ауыл мешіттерінің имамдарына ризашылығымызды білдіреміз, - деді «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы.

Үміткерлер үш топқа бөлініп, өнер көрсетті. 10 сүрені жатқа оқуда 12 жастағы павлодарлық Салахаддин Бердімұрат топ жарды. Ал 22 сүрені жатқа оқу жарысында 10 жастағы Мұхаммед Ташай үздік деп танылды. Жарыстың ең кішкентай қатысушысы Мұстафа Құдабай 30 сүрені жатқа оқу сайысында жеңімпаз атанды. Жалпы, Мұстафа 37 сүрені жатқа біледі.

Айта кетерлігі, сайыста Павлодар қаласындағы мешіттердің шәкірттерінен бөлек, Павлодар ауданына қарасты ауылдардың өкілдері де бақ сынады. Құранды жатқа оқу жарысының қорытындысы бойынша жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлық пен бір-бір қойға ие болды. Жүлдегерлер де ақшалай сыйлықтарды қанжығаға байлады. Павлодар ауданы Жамбыл ауылының өкілі 17 жастағы Қасен Әбдірақым, павлодарлықтар 30 жастағы Данияр Нұрсейіт пен 14 жастағы Қайм Дансаликов ынталандыру сыйлығын олжалады.

2 пікір
  • Ой, жаным! "Мұстафа" деген атыңнан айналдым! Балапан сол! Тіл-көзден аман болғай, балапандар! Алла елімізге, халқымызға адал қызмет ететін ұрпақтардан нәсіп етсін!
    9 жыл бұрын
  • Оте кетемет!!!
    9 жыл бұрын
Мұрағат