Қазақстанға заңсыз әкелінген смартфондарды «қара тізімнен» шығаруға бола ма
|

KAZINFORM — Енді шетелден елімізге әкелінетін абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде онлайн өткен брифинг барысында «Егер ұялы телефон «қара» тізімге енсе, оны бұғаттан шығарып, «ақ» тізімге қосуға бола ма? деген сауал қойылды.
— Егер құрылғы іске қосылғаннан кейін 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, ол қара тізімге енгізіледі. Мұндай құрылғыны порталда сәтті верификациядан өткізу арқылы қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Кейде құрылғыны верификациялауды ұмытып кету немесе уақытында үлгермеу жағдайы болады. Мұндай жағдайда, жеңілдік мерзімінен кейін де, оны «ақ» тізімге қосып, тіркеу мүмкіндігі бар, — деп жауап берді Мемлекеттік радиожелілік қызметінің өкілі Сәуле Темірхан.
Дегенмен қара тізімнен шығару смартфонды шетелден өзіңіз әкелген жағдайда ғана мүмкін, яғни құрылғыны әкелгенін растайтын ақпарат болуы тиіс.
— Ал егер сіз құрылғыны Қазақстан аумағында сатып алып, оның әкелінуіне қатысты ақпаратты білмесеңіз, онда қара тізімнен шығару мүмкін емес. Егер құрылғыны сатушы әкелген болса, ол өзі тіркей алады, — дейді маман.
Бұған дейін елімізге заңсыз әкелінген смартфондар қымбаттауы мүмкін екендігін хабарлаған едік.
Айта кетсек, қазақстандықтарға смартфонды ресми тіркеуге екі ай уақыт берілді, одан кейін тіркелмеген ұялы құрылғылар бұғатталады.
Еске салайық, жыл басында елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болатыны туралы хабарлаған болатынбыз.
Қазақстандықтарға смартфонды ресми тіркеуге екі ай уақыт берілді
KAZINFORM — Елімізде мобильді телефондарды міндетті тіркеу 2025 жылдың 26 мамырына дейін ұзартылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлайды.
Еске салсақ, 2025 жылдың 25 наурызынан бастап, Қазақстанға әкелінген барлық мобильді құрылғы GSMA халықаралық базасында және мемлекеттік жүйеде міндетті верификациядан өтуі тиіс болатын.
— Бизнес өкілдерімен бірнеше кездесу өткізілгеннен кейін қосымша 60 күн уақыт беру туралы шешім қабылданды. Бұл импорттаушылар мен сатушыларға бұрын әкелінген, бірақ әлі сатылмаған құрылғыларды тіркеуге мүмкіндік береді. Осылайша, бизнеске барлық мобильді құрылғыны тіркеу үшін тағы екі ай беріледі. Құрылғыларды https://kz-imei.kz/ порталында заңдастыру қажет. Верификациядан өтуге 60 күн беріледі. 2025 жылдың 26 мамырынан бастап заңдастырылмаған құрылғылар мобильді байланысқа қосылу мүмкіндігінен шектеледі, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, министрлік жаңа ережелер тек өзгерістер күшіне енгеннен кейін елге әкелінген құрылғыларға қатысты екенін ескертеді. Қазақстанда қазір жұмыс істеп тұрған барлық мобильді телефон автоматты түрде «ақ» тізімге енгізіледі және шектеусіз жұмысын істейді.
Еске сала кетсек, жыл басында елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болатыны туралы хабарлаған болатынбыз.
Айта кетейік, смартфондарды тіркеудің жаңа ережесінің биыл 24 наурызға дейін сатып алынған абоненттік ұялы байланыс құрылғыларына еш қатысы болмайды.
Сондай-ақ, смартфондарды тіркеудің жаңа ережесі құрылғылардың қымбаттауына әсері туралы жазған едік.
Елімізге заңсыз әкелінген смартфондар қымбаттауы мүмкін
KAZINFORM — Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов елімізге шетелден әкелінген мобильді құрылғыларды тіркеу барысымен тағы бір таныстырды.
— Тіркеу процедурасы ұялы телефонның бағасына ешқандай әсер етпеуі керек. Ресми сатылатын барлық ұялы телефон қажетті кедендік және басқа да салықты төлеп, барлық рәсімнен өтеді, сондықтан баға нарыққа сай белгіленген, — деп түсіндірді Олжас Қабенов ведомствода онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда спикер «ақ» тізімде жоқ құрылғылардың еліміздің аумағында жұмыс істемейтінін айтып отыр.
— Егер заңсыз, «сұр» жолмен Қазақстанға әкелінген смартфондар туралы айтар болсақ, олардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Егер сіз сатып алу кезінде телефонды тексеріп, оның верификацияланған абоненттік құрылғылардың «ақ» тізімінде жоқ екенін анықтасаңыз, онда ол Қазақстан аумағында жұмыс істемейді, — дейді министрлік өкілі.
Еске сала кетсек, жыл басында елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болатыны туралы хабарлаған болатынбыз.
Айта кетейік, смартфондарды тіркеудің жаңа ережесінің биыл 24 наурызға дейін сатып алынған абоненттік ұялы байланыс құрылғыларына еш қатысы болмайды.
Сондай-ақ, смартфондарды тіркеудің жаңа ережесі құрылғылардың қымбаттауына әсері туралы жазған едік.
Дәулет Ізтілеу