Қазақстанға қай елдерден турист көп келеді? Топ-10
Қазақстанға қай елдерден турист көп келеді? Топ-10
5 жыл бұрын 3974 Камила Долаева

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпараты бойынша, 2019 жылдың бірінші жартысында туризм түрлері бойынша қызмет көрсетілген келушілер саны шамамен - 3 миллион 840 мың адам. Бұл былтырғы көрсеткішпен шамалас. Tengrinews.kz тілшісі елімізге қай мемлекеттерден туристер көп келетінін және қазақстандықтар жиі баратын елдерді анықтап көрді.

Қазақстанға қай елден туристер көп келеді?

Қазақстанға келетін туристердің көшін ТМД елдері арасында Өзбекстан бастап тұр. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл елден 1 702 743 адам келген. Ал былтыр жарты жылда екі миллион екі жүз мыңнан аса адам келген екен. Екінші орында Ресей - 808 305,5 адам. Былтырғы көрсеткіш азырақ, шамамен 750 мың адам. Үшінші орында Қырғызстан - 663 502,5 адам, бұл 2018 жылмен салыстырғанда шамамен жетпіс мың адамға көп. 

Қазақстанға Әзербайжан мен Беларусьтен де адамдар салыстырмалы түрде көп келеді. Осы жартыжылдықта бұл елдерден тиісінше 44 мың және 41 мың адам келген. Былтырғы көрсеткіштер бүгінгімен пара-пар.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекаралық қызметінің деректеріне сәйкес Қазақстанға ТМД-дан тыс елдерден де адамдар саяхаттайды. Олардың жалпы саны - 281 899 адам. Алғаш бестікті бастап тұрған - Түркия 53 мың адам, кейін Германия - 46 мың адамнан асады. Қытай мен Оңтүстік кореядан 26 мыңнан аса және 17 мыңнан аса адам келген. Тізімде бесінші тұрған - АҚШ, жарты жылдық көрсеткіш шамамен 15 мың турист.  Бұл елдерден бөлек Қазақстанға Моңғолия, Ұлыбритания, Үндістаннан 10 мыңнан аса турист келген. 

Қазақстанның қай өңіріне келеді? 

Статистика комитетінің баспасөз хатшысы Қазақстанда келу туризмі бойынша орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер санын берді. Өңірлер бойынша туристер ең көп келетін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары. Қаңтар мен маусым айларында Алматыны 206 мыңнан аса, елордамызды 112 мыңнан аса турист таңдаған. Еліміздегі үшінші миллионер қала Шымкентке 14 мың адам келген. 

Атырау облысының көрсеткіші 40 мың адам, былтырмен салыстырғанда бұл 8 мың адамға көп. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсына 10 мыңнан аса турист келген. 

Қазақстандықтар жиі баратын елдер

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекаралық қызметі өкілдері ұсынған ақпарат бойынша 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында шет елге шыққан қазақстандықтардың саны - 4 миллион 925 мың адамнан асты. Былтыр да шамамен осындай көрсеткіш болған.  Қазақстандықтар ең көп баратын елдердің қатарында - Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, сондай-ақ, Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр бар. 

 

ТМД елдері бойынша алда тұрған бұл үш елдің жалпы көрсетікші - 4 миллион 300 мың адамнан асады. Ал қазақстандықтар саяхаттаған ТМД елдерінен тыс мемлекеттердің көрсеткіші - 554 909 адам.  Осы жартыжылдықта шет елге шыққан қазақстандықтардың басым бөлігі өзге жерге жұмыс барысымен барған. 4 миллион 925 мың адамның шамамен 87 мыңы турист ретінде елден шыққан. Қалғаны жеке мәселелер бойынша және транзитке байланысты.

0 пікір
Мұрағат